Прямая трансляция

Астана

Астана

29°C

Радикалды идеологияның жасырын қауіптері: алматылықтарға экстремизмнен сақтану жолдары түсіндірілді

Радикалды идеологияның жасырын қауіптері: алматылықтарға экстремизмнен сақтану жолдары түсіндірілді. Алматы мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Оған 80-ге жуық адам қатысты. Іс-шараның мақсаты — азаматтардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыру, экстремистік идеологияның таралуына және жастардың деструктивті ағымдарға тартылуына жол бермеу, деп хабарлайды Paryz.kz.

Радикалды идеологияның жасырын қауіптері: алматылықтарға экстремизмнен сақтану жолдары түсіндірілді
Фото: Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы

Дінтану магистрі Султан Абдрахменов экстремизмнің пайда болу себептері, радикалды идеялардың таралу тетіктері және олардың қоғамға кері әсері туралы айтып берді.

Сарапшының айтуынша, экстремистік ұйымдар психологиялық әсер ету әдістерін қолданып, адамдардың эмоциясы мен өмірлік қиындықтарын пайдалануы мүмкін. Әсіресе жастар интернет пен әлеуметтік желілерді белсенді қолданатындықтан, әртүрлі идеологиялық материалдардың ықпалына түсуі ықтимал.

Сондықтан ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеру, күмәнді шақырулар мен уәделерге сын көзбен қарау, медиасауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын дамыту маңызды.

Кездесуде радикалды ықпалдың белгілеріне де назар аударылды. Олардың қатарында адамға қысым көрсету, оны отбасы мен достарынан оқшаулауға тырысу, қорқыныш немесе кінә сезімін қалыптастыру және топ көшбасшысына сөзсіз бағынуды талап ету бар. Сондай-ақ адамдарды «өзіміз» және «өзгелер» деп бөлуге шақыратын көзқарастарға сақтықпен қарау ұсынылды.

Қатысушыларға күшті эмоция әсерімен маңызды шешім қабылдамау, ақпаратты белгілі дереккөздер мен мамандар арқылы тексеру, күмәнді жабық интернет-қауымдастықтарға кірмеу және түсініксіз діни немесе қоғамдық мәселелер бойынша құзыретті сарапшылардан сұрау ұсынылды.

Кездесу барысында қатысушылар діни қауіпсіздік пен радикалданудың алдын алуға қатысты сұрақтарына жауап алды. Іс-шараға қатысушылардың бірі мұндай кездесулер шынайы ақпаратты манипуляциядан ажыратуға көмектесетінін атап өтті.

Экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмысының өзектілігін ҰҚК мәліметтері де көрсетеді. 2026 жылдың маусым-тамыз айларында ҰҚК тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 19 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

5982814404d41b0616852a41b7e18127_1280x720.jpg

Олардың бірі — 2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін іздеуде болған Алматы қаласының тумасы. Ол Түркиядан табылып, 2025 жылы Қазақстанға депортацияланғаннан кейін қамауға алынған. Сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Тағы бір жағдайда Шымкент тұрғыны әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық акцияларына шақырған. Ол 9 жылға сотталды.

Осы кезеңде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 28 адам ұсталды. Олар терроризмді насихаттады, діни араздықты қоздырды, интернетте және өз ортасында тыйым салынған материалдарды таратты немесе экстремистік ұйымға қатысты деген күдікке ілінді.

Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.