Танымал әнші Садраддин бес баласын жалғыз тәрбиелеп отырған анаға жаңа пәтердің кілтін табыстады, деп хабарлайды paryz.kz.
Өнер иесі қуанышты сәтті Instagram парақшасында бөлісті. Ол қайырымдылық жасау туралы шешімінің бала кезіндегі арманымен байланысты екенін айтты.
Садраддиннің сөзінше, бала кезінде анасымен бірге бірнеше рет пәтер ауыстырып, өз баспаналары болса екен деп армандаған. Енді өзі сондай мүмкіндікке ие болған соң, баспанасыз жүрген отбасыға қолдау көрсетуді жөн санаған.
«Қазір осындай мүмкіндік болып тұрғанда, бір отбасының қуанышына себеп болайық деп шештік. Себебі өз баспанамыз болса деген арман менің бала кезімнен бар еді», – деді әнші.
Бес баланың анасы денсаулығына байланысты жұмыс істеуге жарамсыз деп танылған. Осыған байланысты отбасының пәтер жалдап тұруы қиын болған. Әнші әйелді мектепке балаларға киім алып беретінін айтып шақырған.
Алайда отбасы мүшелері пәтердің кілтін табыстайтынын білмеген. Күтпеген сыйлықты көрген ана мен балалары қатты қуанып, көздеріне жас алды. Олар әншіге ризашылығын білдірді.
Садраддин үшін бұл қайырымдылық – бір отбасының баспаналы болуына себеп болумен қатар, бала күнгі арманын жүзеге асырудың бір көрінісі болды.