Мәжіліс депутаты Қырықбаев Темір Базарбайұлы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сәбізді экспорттауға шектеу енгізу жөніндегі ұсынысқа қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Paryz.kz.
Сауалда бұл бастама фермерлер мен кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық тудырып отырғаны айтылған. Депутаттың мәлімдеуінше, экспортқа тыйым салу бағаның төмендеуіне әкелмейді, керісінше, негізгі салмақ өндірушілерге түседі, ал делдалдар мен логистикалық тізбек қатысушылары зардап шекпейді.
Сарапшылар мен бизнес өкілдері бағаны тек экспортты шектеу арқылы тұрақтандыру тиімсіз екенін атап өтуде. Қазақстан Картоп және көкөніс өсірушілер одағының дерегінше, қоймалар толы, сәбіз бен картоп тапшылығы жоқ. Мәселен, Павлодар облысында ғана 120 мың тоннадан астам сәбіз қоры бар, ал оны келісі 80 теңгеден өткізу қиынға соғып отыр.
Депутат ойластырылмаған әкімшілік шешімдер отандық фермерлердің шетелдік нарықтағы орнын әлсіретіп, жылдар бойы қалыптасқан логистикалық және серіктестік байланыстардың үзілуіне әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Бұған дейін картоп, ет және пияз экспортына енгізілген шектеулерден нақты нәтиже болмағаны да айтылды.
Осыған байланысты Темір Қырықбаев Үкіметтен экспортқа шектеу енгізудің экономикалық негіздемесін, бағаны тұрақтандырудың балама тетіктерін және ішкі нарықты қамтамасыз ете отырып, артық өнімді экспорттауға мүмкіндік беретін нақты модель әзірлеу жоспарларын түсіндіруді сұрады.