Көкшетаулық Диас есімді азамат Жапонияның Киото қаласында тұратын Рино есімді жапон қызына құда түсіп, қазақтың ежелгі дәстүріне сай сырға салу рәсімін өткізді. Бұл оқиға қос ұлттың мәдени байланысының тамаша үлгісіне айналды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Жапонияда бағдарламашы болып жұмыс істейтін Диас болашақ жары Риноны қазақы жолмен айттырып, туған-туыстарын шақырып, Жапонияда қазақы жөн-жоралғы жасатқан.
Салтанатты рәсімге Диастың анасы мен жақын туыстары қатысып, қызға сырға салып, киіттерін табыстаған. Бұл жайында Диастың әпкесі Әйгерім Қозбақова әлеуметтік желіде жариялады.
Жігіт тарапынан келген қонақтар қазақ құдалық дәстүрінің басты белгісі ретінде жапон құдаларға болашақ қалыңдықтың жақындарына арнайы шапан жауып, алтын жүзік таратқан.
Ал қалыңдық Рино мен оның отбасы ұлттық нақыштағы киімдерін Диастың жақындарына сыйға тартқан. Қалыңдықтың атасы – жасы 96-ға келген жапон самурайы, салтанатқа арнайы қатысып, қазақтың дәстүріне зор құрмет білдірді.
Оның да иығына шапан жауып, басына тақия кигізген. Тараптар бір-бірімен аудармашы құрылғы арқылы сөйлескен. Қазақ тілінен жапон тіліне тікелей аударатын бұл құрылғының құны шамамен 1 миллион теңге тұрады. Рәсім кезінде екі жақ бір-бірінің тілін түсініп, салт-дәстүрдің мәнін терең ұғынуға мүмкіндік алды.
Жапон тарапынан да қонақтарға сый-сияпаттар берілді. Қос тарап та ұлтқа тән қонақжайлылық пен жылы қарым-қатынас танытып, екі мәдениеттің үндестігін көрсетті. Әлеуметтік желіде видеоларға пікір жазғандар да аса қызығушылықпен көргендерін жеткізген.
Тіпті, Көкшетауда болатын қазақ-жапон тойына ақылы түрде қатысуларын сұрап отыр. Диастың әпкесі інісі мен Рино екеуі алдағы уақытта өмірлерін Жапонияда жалғастыруды жоспарлап отырғанын айтты.