Прямая трансляция

Астана

Астана

8°C

«22 жылда қазақ тілін ұмытпаған»: тілек айтқан неміс қызы көпшілікке үлгі көрсетті

22 жылдан кейін Қазақстанға оралған неміс қызы қазақтың тойында қазақша жүрекжарды тілегін айтып, көпшілікті қайран қалдырды, деп хабарлайды Paryz.kz Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«22 жылда қазақ тілін ұмытпаған»: тілек айтқан неміс қызы көпшілікке үлгі көрсетті
фото: видеодан скриншот

Желіде қазақ азаматының үлкен ресторандағы тойының видеосы жүр. Онда Германияға 22 жыл бұрын көшіп кеткен келіншектің той иесіне алғыс айтып, тілек жаудырғаны, оның шұрайлы тілі жұрттың таңданысын тудырды. Той иесі келіншектің тай-құлындай бірге өскен досы екен.

Ол тойға шақырту алған кезімде жылап қоя бердім дейді. Өз сөзінде марқұм анасының Қазақстанда жерленгеннін айтып, анасына ас беріп кетуді жоспарлағанын жеткізді. «Менің шешем Қазақстанда жерленген, әкем - Германияда жатыр. Папамның бейітін жасап бітірген соң, енді «мамаға барып бейітін әдемілеп істеп беремін» дедім. Бірақ 22 жыл Қазақстанда болмадым ғой, қалай барамын деп уайымдап жүрдім. Шақыртуды оқыған кезде, шыдамай жылап жібердім. Балам айтты «мама, сенің баруың керек, сенің туған жерің ғой» деді. Дереу телефонынан билет қарай бастады. 

Қазақстанға келген соң Амангелді күтіп алды. Үйіне келдік, дастарханы мол, шіркін-ай! Шайын іштім, бауырсағын жедім, бешбармақты да жедім. Сосын Амангелдіге айттым, «маған ет керек, әке-шешеме ас бергелі жатырмын» дедім. Ол «базарға барма, отардан барып ең семіз қошқарды таңдап ал» дегенде аузым ашылып, таңғалып қалдым. Айналайын, бәріңізге денсаулық тілеймін, осы күнге жеткізген Аллаға шүкір. Ризамын. Жасыңа жас қосылсын, той тойға ұлассын», - деп ақ тілегін ақтарды неміс қызы. Той иесін видеода Германияға қазақ жерінен көшіп барған әжей де лед-экран арқылы құттықтап, қазақша ән шырқап берді. 

«22 жылда қазақ тілін ұмытпаған», «Қазақ тіліне құрмет осындай болу керек», «Не деген керемет адам, қазақша тап-таза сөйлейді», Қаны неміс болғанымен, жүрегі қазақ деп соғып тұр. Қазақ тілін керемет әдеби тілде сөйлейді екен. Тұрған жері Қарағанды қаласына, өмірінде кездескен жанындағы адамдарға рақмет, қазақ тілін жақсы меңгертіпті», - деп жазды желі қолданушылары.