Прямая трансляция

Астана

Астана

19°C

Оралда қала күні кең көлемде тойланды

Орал шаһары - Қазақстанның дамуына өзіндік үлесін қосып, қарқынды өрістеп келе жатқан қалалардың бірі. Оған қала тұрғындарының қажымас қайраты мен жасампаз еңбегі үлкен септігін тигізуде, деп хабарлайды Paryz.kz.

Оралда қала күні кең көлемде тойланды
Фото: Қуаныш ҚАЛИ

Бұл туралы өткен аптаның соңында тойланған Қала күні мерекесіне орай өткен «Туған қалам – Орал»  атты гала-концертте Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мәлімдеді. 

-Өткен сегіз айдың қорытындысы бойынша Оралда өнеркәсіп өндірісінің көлемі 185,6 миллиард теңгеге жетті. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38%-ға өсті. Бұл көрсеткіштерден кәсіпкерлердің Орал қаласына назары ауып, қызығушылығы арта бастағанын көруге болатындай. 

Баспанамен қамту - ең өзекті мәселелердің бірі. Осы түйіткілді шешу бағытына жүйелі жұмыстар қолға алынды. Мысалы, биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында 9 көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталды және 12 жаңа үйдің құрылысы жалғасуда, бұл 1500-ден астам отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Ақжайық» шағынауданы белсенді дамып келеді. Мұнда жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандар салынуда. Сонымен қатар, "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында заманауи білім ұялары бой көтеруде.

Көктемдегі су тасқыны біз үшін үлкен сынақ болды. Сол сыннан да адамгершілігіміздің, елжандылығымыздың, ауызбіршілігіміздің арқасында өткеніміз хақ. Бірлігіміздің нәтижесінде су басу қаупі жоғары аудандарда 45 шақырымға созылған бөгеттер мен қорғаныс үйінділері салынды. Эвакуациялық пункттер ұйымдастырылып, үйлері су басқан отбасыларға көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта су тасқынынан зардап шеккен 2 000-нан астам отбасы баспана алды, 500-ге жуық жанұяға үйлерін жөндеуге қаражат бөлінді, 10 555 отбасына жалпы сомасы 3,9 млрд теңгеге біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді, мүлкіне залал келтірілген 8 877 отбасына жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге төлемдер аударылды,-деді Нариман Төреғалиұлы.

Кеш барысында Орал қаласының санитарлық жағдайын жақсарту мен абаттануына үлес қосып келе жатқан және Қала күні мерекесіне орай өткізілген «Жасыл қала» байқауында жеңімпаз деп танылған мекеме-ұйымдар марапатталды. Мәселен, «Балзия» ЖШС «Үздік бизнес нысан», «Громова 16» серіктестігі «Үздік аула», «SHANYRAK - CITY» мүлік иелерінің бірлестігі «Үздік мүлік иелерінің бірлестігі», Оқушылар сарайы «Үздік білім беру ұйымы», №6 қалалық емхана «Үздік денсаулық сақтау ұйымы» аталымдарының жеңімпазы болып танылды. Ал Оралдың өркендеуі мен дамуына зор үлесін қосқан және «Үздік маман» байқауында жеңімпаз деп танылғандардың арасында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың қызметкері Бақтылы Әлижанова («Үздік құрылысшы»), жоғары инженерлік-технологиялық колледжінің оқытушысы Жансәуле Балуанова («Үздік мұғалім»),  №5 қалалық емханасының бас мейірбикесі Мира Бердешева («Үздік медициналық қызметкер»), қаладағы ірі өндіріс орындарында электрші болып еңбек ететін Армат Мәдениетов («Үздік электрші») бар. Сондай-ақ Орал қаласының оң имиджін қалыптастыруға қосқан үлесі және «Менің сүйікті – Оралым» тақырыбындағы үздік фото және бейнеролик байқауының жеңімпаздары (Г.Трищенко, Е.Флорова) да  марапатталды.

Көпшілікке «Назар аудар» КТК командасының мүшелері ретінде танымал Ақболат Өтебай мен Ғазез Ерболат жүргізген кеште жергілікті әншілермен қатар қазақ эстрадасының жұлдыздары Балжан Бидаш, ADAM, QARAKESEK, Ержан Максим сынды өнерпаздар да ән шырқады. Орынбор қаласынан арнайы келген «Лаула» шоу бағдарламасы да көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады. 

Жалпы «Қала күні-2024» мерекесіне орай Оралда шаһар басшысының жүлдесі үшін волейболдан дәстүрлі «Достық-Дружба» қалаларалық турнирі, «Uralsk Green Forum» экологиялық форумы, қолөнер шеберлері мен гүлдер жәрменкесі, жергілікті азық-түлік өнімдерінің көрмесі, «Орал опера-2024» классикалық музыка кеші, бәйге түрлерінен «Жайық жүйрігі-2024» БҚО ашық чемпионаты ұйымдастырылды.

Қуаныш ҚАЛИ,
Батыс Қазақстан