Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

БҚО-да іске қосылған жаңа компрессордың берері көп

Таяуда Қарашығанақ кен орнында газды кері айдауға арналған 5-ші компрессор іске қосылды. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы газ өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Ендігі кезекте мұнда 6-шы компрессорды 2026 жылы іске қосу жоспарлап отыр. Олар Мемлекет басшысының Жолдауындағы мұнай-газ  саласын одан әрі дамыту міндетіне сәйкес жүзеге асатын болады, деп хабарлайды Paryz.kz

БҚО-да іске қосылған  жаңа компрессордың берері көп
Фото: Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мұның бәрі Бөрлі ауданы аумағында орналасқан кеніштегі іс-шара кезінде сөз болды. Жиынды ашқан БҚО әкімі Нариман Төреғалиев атап өткендей,  жаңа компрессор газды кері айдау көлемін едәуір арттыратын болады, бұл сұйық көмірсутектегін өндіру үрдерісін ұзартуға мүмкіндік береді. ҚПО б.в. компаниясы Қарашығанақ кен орнын игеру ісінде жоғары жауапкершілігін көрсетіп, кенішті тиімді пайдалануға деген міндеттемесіне беріктігін көрсетіп келеді.

Айта кету керек, жақында Батыс Қазақстан облысының мұнай өндірісі тарихындағы елеулі күн болды. Қазақстан мұнайының 125 жылдығы аталып өтілді. Өңір басшысы осы сәтті пайдаланып, жиналған жұртшылықты осынау атаулы күнмен де құттықтады.

-Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының барлық кезеңінде отын-энергетика кешені ел экономикасының локомотиві болып келе жатқаны белгілі. Сіздердің, яғни мұнай-газ саласы қызметкерлерінің елеулі еңбектерінің арқасында өндіріс өркендеп, технологиялар дамуда.
Шетелдік инвестицияларды тартуға облыс тарапынан қолайлы жағдайлар жасалып, тиісті міндеттемелер орындалды. Соның нәтижесінде еліміздегі ең ірі жобалардың бірі – Қарашығанақ жүзе асты. Сөйтіп бұл жоба халықаралық ынтымақтастықтың символына және Қазақстанның жаһандық экономикаға интеграциялануының озық  үлгісіне айналды.

ҚПО жобаларын іске асыру кезіндегі негізгі қағидат жергілікті қамтуды дамыту болып табылады. ПРК-1А жобасындағы жергілікті қамту көрсеткіштері 62%-ға жетті. Жергілікті тұрғындар үшін жобаның құрылыс кезеңінде жеті мыңға жуық жұмыс орны құрылса, енді пайдалану кезеңінде де қосымша мүмкіндіктерге жол ашылатынына сенім білдіреміз.

Қазіргі таңдаға бұл бағытта жеткен жетістіктер Мемлекет басшысының энергетика секторын дамыту жөніндегі пайымына толық жауап береді. Бұл Қарашығанақтың еліміздің мұнай-газ саласындағы құнды активі екенін көрсетеді. Қарашығанақ жобасы іске қосылған күннен бастап ҚПО компаниясы өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып қана қоймай, батысқазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға да белсенді қатысуда,-деді Нариман Төреғалиұлы.

Осынау іс-шараға арнайы келген ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауовтың сөзінше, Қарашығанақ кен орны еліміздің энергетикалық секторы үшін түйінді мәнге ие. Жаңа компрессорды іске қосу газ өндіру деңгейін ұстап тұруға және кен орнының тиімділігін арттыруға көмектеседі. Жалпы аталмыш жоба жоспарланған мерзімінен бұрын аяқталды. Осыдан-ақ Қарашығанақ жобасындағы ҚПО б.в. компаниясының, «PSA» ЖШС мен мемлекеттік құрылымдар секілді жобаға қатысушылар арасындағы өзара ынтымақтастықтың жоғары деңгейін көруге болады.

Өз кезегінде сөз алған ҚПО б.в. компаниясының бас директоры Марко Марсили Қарашығанақ кен орнын кеңейту жобасы сәтті іске асып келе жатқанын атап өтті. «Іске асырылған жоба – ҚПО ұжымының қарқынды жұмысының нәтижесі,-деді ол.- Бұл жұмыстардың бәрі ҚР Үкіметімен және біздің компаниямыздың өзара ынтымақтастықтың арқасында жүзеге асуда. Баршаңыздың қолдауларыңыз арқылы біз ПРК-1A жобасын қауіпсіз және тиімді жүзеге асыра алдық».


 

Компрессордың ашылу салтанатынан соң мәртебелі меймандар ҚПО-дағы нысандардың жұмысымен және енгізілген технологиялық инновациялармен танысты.

 

Қуаныш ҚАЛИ,

Батыс Қазақстан облысы