Прямая трансляция

Астана

Астана

16°C

Таразда құлдықта болған әкесі қызымен 25 жылдан кейін кездесті

Тараз қаласындағы қиын жағдайда қалғандар орталығының тұрғыны Базарбай Жолдыбайұлы 25 жылдан кейін  қызы Әйгерім Базарбайқызымен кездесті, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат порталы jambylinfo.kz сайтына сілтеме жасап.

Таразда құлдықта болған әкесі қызымен 25 жылдан кейін кездесті
Фото: jambylinfo.kz

Бұған дейін jambylinfo.kz сайты Таразда өмірлік қиын жағдайда қалған жандар балаларын іздейтіні туралы ақпарат берген. Осы мақаладан кейін Әйгерім есімді бойжеткен кейіпкер Базарбай Жолдыбайұлының қызымын деп қоңырау шалған.

Бойжеткеннің айтуынша, анасы өмірден өткен. Ал әкесін соңғы рет алты жасында көрген.

"Адамдар «әкеңді көрдік» деп айтып келгенде қандай күйде болғанымды білсең ғой?! Соңғы рет 6 жасымда мектепке алып барғаның есімде. Балмұздақ сатып бергенің көз алдымда. Анам «әкең жақсы адам» деп айтып отыратын. Сені сағынумен, күтумен ержеттім ғой", –  деп жылады Әйгерім әкесін көргенде.

Бір аяғынан айырылып, денсаулығы сыр берген қарт әке қызына өзінің қиын жағдайда қалғанын айтып ақталды.

"Сенің нағашыларың мені жақтырмайтын. Содан ажырасып кеттік. Біраз жыл құлдықта болдым. Жағдайым да, денсаулығым да болмады. Сыртыңнан сұрастырып, қайда екеніңді білмей жүрдім. Сен менің жалғыз перзентімсің", – деді әкесі.

Әсерлі кездесудің куәсі болғандар екі жақын адамның табысқанына елжіреп, ізгі тілектерін білдіріп жатты.

Осылайша jambylinfo.kz сайтының редакциясы Базарбай Алахметовке  25 жыл көрмеген қызын тауып берді.