Прямая трансляция

Астана

Астана

-0.03°C

Шымкентте 10 электр тарату бекеті орнатылып жатыр

Шымкентте қоныс тепкен  81 елді мекен тұрғындарының барлығы сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілген. Сала мамандары ендігі кезекте Сайрам, Бозарық, Асар-2, Құрсай шағын аудандарындағы жаңа құрылыс аумақтарында орналасқан тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын 2023-2024 жылдар аралығында атқару жоспарланып отырғанын айтады, деп хабарлайды Paryz.kz.

 

Шымкентте 10 электр тарату бекеті орнатылып жатыр

Ағымдағы жылы қала тұрғындарын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында 6 нысанда, оның ішінде 5 елді мекендегі ішкі құрылым жүйелерінде және 1 қосалқы стансада құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Оған қазынадан 4,3 млрд. теңге қаралды. Оның 2,6 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 1,7 млрд. теңгесі жергілікті қазынадан бөлінді. 

Сонымен қатар, 2 қосалқы станцияның, яғни 110/35/10 кВ Ынтымақ, 110/10 кВ Бадам станцияларының және Бозарық, Асар-2 елді мекендеріндегі жаңа құрылыс аумақтарының ішкі құрылым жүйелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуді қолға алу көзделген болатын.  
Ағымдағы жылдың 8 айында Батыс, Қайнарбұлақ, Нұрсәт елді мекенінде ішкі құрылым жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталып, қалада 20 мыңға жуық тұрғын сапалы электр қуатына қосылуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету көрсеткіші 99 пайыздан 100 пайызға жетті.

Қалған 3 нысанның (Тұран, Түркістан, «Ақжар» 110/35/10кВ) құрылысы жалғасын тауып, мердігер мекемелер онда 106,1 км электр желілерін, 10 электр тарату бекетін, 23 трансформатор, 1 қосалқы станциясын орнатып жатыр. Бұл жоспарланған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталатын болады. Нәтижесінде, шымшаһардың 12 мыңға жуық тұрғыны сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. 

Реті келгенде айта кетейік, бүгінде қаладағы орталық маңызы бар 747 көшенің 518-і жарықтандырылған. 2021 жылы Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 133 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 29,5 пайыздан 47 пайызға өскен болатын. Былтыр Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 165 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 47 пайыздан 69 пайызға жоғарылаған-ды. Бұйыртса, биыл 104 көше жарықтандырылып, жыл қорытындысымен көшелерді жарықтандыру көрсеткіші 69 пайыздан 75 пайызға өседі деп жоспарланған.  Қазіргі таңда 49 көшеде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 

Сонымен қатар, ағымдағы жылы шағын аудандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 380,0 млн теңгені құрайтын 10 нысанға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Былтыр қалалық бюджеттен 58,0 млн теңге қаралып, соның нәтижесінде 1 нысанның жобасы аяқталып, сараптама қорытындысы алынған еді. Биыл 9 нысанға 191,5 млн теңге бөлініп, нәтижесінде 7 нысанның жобасы аяқталды. Олардың ішінде электр қуатына қатысты нысандар да бар.

Н. Назарбекова