Прямой эфир

Астана

Астана

17.97°C

Қоғам бүгін, 18.07.2024 11:48 Обновлять, 18.07.2024 13:47

"Жерге сіңген 1 млрд теңге": Түркістан облысында ауыл тұрғындары 7 жылдан бері ауыз суға зәру

Жерасты суын шығару үшін үш ұңғыма қазылса да, су шықпаған.

Түркістан облысының Алпамыс батыр ауылындағы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қазынадан 1 миллиард теңге жұмсалған. Алайда әлі күнге жұрт жұтым суға зар болып отыр, деп хабарлайды Paryz.kz ақпараттық агенттігі 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасап.

"Жерге сіңген 1 млрд теңге": Түркістан облысында ауыл тұрғындары 7 жылдан бері ауыз суға зәру
фото-скриншот

Алпамыс батыр ауылында осымен үшінші мәрте жер асты ұңғымасы қазылып жатыр. Қазір оның тереңдігі – 800 метр. Ал алғашқы геологиялық зерттеу 2015 жылы жүргізілген. Ол кездегі сараптама қорытындысы бойынша, 50-70 метр тереңдікте су шығуы керек болған. 

"Біз басында-ақ бұл жерден су шықпайтынын айтқанбыз. "Бірінші суды қазып, кейін көшемізді бүлдіріңдер" деген едік. Су шықса, біз шыдаймыз дедім. Бірақ бізге бір ожау су да  көрсеткен жоқ. Шаршадық", – дейді тұрғын Гаухар Жораева. 

Су көзін күтіп сандалған жұрт жауында көше батпаққа айналатынын айтады. Айтуларынша, қосалқы мердігер жол біткенді қопарып, жұртқа жүретін жер қалдырмаған. 

"Көшелеріміздің бәрін қопарып кетті. Ол жерге мал да, адам да, машина да түсіп жатыр. Бұлар қазған жерлерін жөндеп, бекітпейді. Бәрін төбе-төбе, лай-лай, шұқыр-шұқыр қылып кеткен. Істері сапасыз", – деді тұрғын Зора Сұлтанбекова.

Жеті жылдан бері жұтым суға зар болған халықтың жыларман жағдайын мердігер ұғынуға емес, ұрысуға келгендей кейіп танытты. Ә дегеннен әлеуметтің аузын аштырмаған ол көшелерді керек болса тағы да қазатынын айтады.

Ал геологиялық сараптамаға сенген тапсырыс берушілер "800 метрлік тереңдік былай тұрсын, тіпті жердің ядросына дейін қазсақ та, тіршілік көзін табамыз" деп отыр.

"Желтоқсан айында қабылдау жұмыстарын жүргізбейміз. Себебі, құрылыс-монтаж жұмыстары кешігіп жатыр. Ол бойынша желтоқсан айында талап-арыз ұсынылатын болады. Ол талап арызда айыппұл салынады", – дейді Келес аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Шырынбеков. 

Қазір ауыл халқы 1 миллиард теңге бөліп, су көзін таппай отырған шенеуніктердің тірлігіне күле қарап отыр. Олар жеті жылдан бері жетпеген судың келер жылы келетініне күмәнмен қарайды.