Прямая трансляция

Астана

Астана

-19.03°C

СҚО-да көптеген ауыл қаңырап бос қалып жатыр

Үкімет кезінде бұл өңірдегі ауыз су, жұмыспен қамту мәселелерін шеше алмағандықтан, тұрғындар басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған.

СҚО-да көптеген ауыл қаңырап бос қалып жатыр
фото: дереккөз

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындары азайып, кей жерлерде мүлдем қаңырап қалған ауылдардағы мектеп, балабақша, клуб ғимараттары сатылып жатыр, деп хабарлады paryz.kz, жергілікті pkzsk.info сайтына сілтеме жасап.

Сайт келтірген дерекке қарағанда, Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданына қарасты қаңырап қалған Ақбалық ауылындағы мектеп 10 қарашада өткен аукционда 1 290 728 теңгеге, ал 13 адам ғана тұратын Рождественка ауылындағы екіқабатты мектеп 1 413 874 теңгеге сатылып кеткен. Сондай-ақ, Есіл ауданына қарасты Леонидовка ауылындағы 1988 жылы салынған мектеп 287 500 теңгеге бағаланған.

Жалпы, облыста күз басынан бері пайдаланылмай тұрған ондаған мектеп, балабақша, клуб, асхана ғимараттары сатылған. Осылайша, СҚО-да тұрғындары көшіп, қаңырап қалған немесе бірнеше адам ғана тұратын көп ауылдардағы әлеуметтік ғимараттар жаппай сатылымға қойылып жатыр.

Шекаралық аймақтағы ауылдардың қаңырап қалуы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне барып тіреледі. Үкімет кезінде бұл өңірдегі ауыз су, жұмыспен қамту мәселелерін шеше алмағандықтан, тұрғындар басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған.

Үкімет "Серпін" бағдарламасын қабылдап, халық тығыз орналасқан оңтүстік аймақтардан солтүстікке халық көші-қонын ұйымдастырып көрген еді. Алайда, соңғы жылдары бұл бағдарламаның да арты сиырқұйымшақтанып кетті.

Оның үстіне Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан тарихи Отаны – Ресейге көшушілер де жыл сайын артып барады.