Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданына қарасты Бобровка ауылында анасы мен екі бүлдіршін өртеніп кетті. Оқиға қалай болған, Sputnik Қазақстан тілшісі марқұмның туыстарынан сұрап білді, деп хабарлайды paryz.kz.
Марқұм болған келіншектің жасы 27-де, есімі - Светлана. Ал өрттен қаза болған бүлдіршіндердің бірі 1 жаста, екіншісі 2,5 жаста. Оқиға 14 қазан таңғы уақытта болған.
"Тұрған үйлері ескі болған. Әпкем жұмыстан келіп пеш жағып, тамақ жасамақ болған. Өрттің неден шыққаны белгісіз, өрт сөндірушілер оқиға болған күні пеш жағылмағанын айтты", - дейді марқұм келіншектің бауыры Никита.
Светлана сауыншы болып жұмыс істеген, ал күйеуі мал баққан. "Өртеніп жатқанын көршілері көріп, өрт сөндірушілерге хабарласқан. Әпкем мен жиендерімнің денесін солар алып шықты", - дейді жігіт.
Ауылдық әкімдік бұл отбасының Бобровкаға жарты жыл бұрын көшіп келгендерін айтады.
"Отбасы тіркелмеген, салауатты өмір салтын ұстана қоймайтын. Ай сайын барып тексеріп, әңгіме жүргізіп тұратынбыз. Өрттің қалай болғаны белгісіз. Сол оқиға болар кезде күйеуі 3-4 күн үйге келмепті. Келіншек құрбысын шақырыпты қонуға, екеуі ішімдік ішіпті. Оны құрбысының өзі айтты", - дейді әкімдік.
Қазір қаза болғандарды жерлеу рәсімін ауылдық әкімдік ұйымдастырып жатыр.
"Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына дереу жетті. Олар келген кезде тұрғын үй толығымен отқа оранып, шатыр құлаған. Өртті сөндіру барысында әйелдің және екі кәмелетке толмағандардың денелері табылды", - дейді облыстық ТЖД.
Тілсіз жау 63 шаршы метр жерді күлге айналдырды.