Прямая трансляция

Астана

Астана

21°C

«Өзін қорғау үшін пышақ қолданған»: күйеуін өлтірген әйел сотта ақталып шықты

Алматы облысында күйеуінің жүрегіне пышақ тығып өлтірген әйел ақталып шықты. Сот оның ұзақ жылдар бойы зорлық-зомбылық көргенін және пышақты өзін қорғау мақсатында қолданғанын ескеріп, кінәсіз деп таныған. Алайда бұл шешіммен марқұмның жақындары келіспей отыр. Енді олар апелляциялық сотқа жүгінбек, деп хабарлайды Paryz.kz "КТК" арнасына сілтеме жасап.

«Өзін қорғау үшін пышақ қолданған»: күйеуін өлтірген әйел сотта ақталып шықты
Фото: istockphoto

Қайғылы оқиға үш айдан аса уақыт бұрын болған. Отбасылық жанжал кезінде 38 жастағы келіншек күйеуінің жүрек тұсына ас үй пышағын сұғып алған. Алған жарақатынан ер адам сол жерде тіл тартпай кетіпті.

Марқұм әскери салада еңбек еткен. Жұбайымен 16 жыл бірге тұрыпты. Олардың төрт баласы бар екен. Бұған қоса, келіншектің аяғы ауыр болыпты. Куәгерлер бұл оқиғадан әлі есін жия алмай жүр. Оқиғадан кейін бірден қылмыстық кодекстің адам өлтіру бабымен тергеу басталған-ды. Іс сотқа жетіп, жуырда алқабилер алқасы әйелді кінәсіз деп таныды. Солайша ол бостандыққа жіберілді.

"Алқа билердің шешімімен, Қазақстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес, тағылған айып бойынша кінәлі емес деп танылып, осыған байланысты сот ақтау үкімін шығарды. Үкіммен сотталушыға қатысты қолданылған "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылды. Жәбірленушінің моральдық және мүлік зиянын өндіру туралы азаматтық талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылды", - дейді Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының өкілі.

Марқұмның жақындары әйелдің жазасыз қалғаны "әділетсіз" деп отыр. 

"Әділетті сот болып, өзінің жазасын алмады. Соған мен күйінемін, ана ретінде. Менің жалғыз тал балам, арқа сүйеп отырған. Осы үйімнің иесі, тірегі, жалғыз ұлымды өлтіріп, өз үйінде еркіндікке, соттан шығып кетуі мен үшін ауыр болды. Әділ сот болғанын қалап едім", - дейді марқұмның анасы. 

Ал әйелдің мүддесін қорғаған заңгер оқиғаны мүлде басқаша баяндады. Оның айтуынша, сырт көзге бақытты болып көрінген отбасында зорлық-зомбылық әрекеті көп болған.

"Марқұм күш қолданған. Атап айтқанда, әйелін ұрып, шап аймағынан тепкен. Осыдан кейін ол үйден қашып кеткен. Жақын жерде тұратын күйеуінің туыстарына барып көмек сұраған, полиция шақыруды өтінген. Бірақ туыстары полиция шақырудан бас тартқан. "Біз сіздердің отбасындағы мәселелеріңізге, жанжалдарыңызға араласқымыз келмейді, кешіріңіз, үйіңізге барыңыз, тынышталыңыз" деген. Ал пышақты келіншек өзін қорғау үшін пайдаланған. Себебі марқұм сол күнге дейін де бірнеше рет тұншықтыру әрекетін жасапты", - дейді заңгер Ғалым Нұрпейісов. Енді марқұмның туыстары жақын күндері апелляциялық сотқа жүгінбек. Қара жамылған отбасы әйелдің түрмеге тоғытылуын соңына дейін талап етеміз деп отыр.