Ақтаудағы "Азия" тұрғын үй кешенінде газ жарылды, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Оқиға 28 қазанда 32 шағын аудандағы "Азия" тұрғын үй кешенінде болған. Сервистік орталықтың жертөле үй-жайында газ-ауа қоспасы жарылған.
"Жарылыс толқыны жертөле бөлмелері мен бірінші қабаттағы пәтерлердің терезелеріне зақым келтірді. Ұзындығы шамамен 10 метр іргелес құрылыс алаңының тас қоршауы жартылай қирады. Сонымен қатар бірнеше автомобиль зақымдалды", - дейді құтқарушылар.
Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті, олардың барлығы Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді.
Оқиға орнына Маңғыстау облысы ТЖД жеке құрамынан 15 адам мен 5 техника, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадасы дереу жіберілген.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.