Прямая трансляция

Астана

Астана

24°C

«Бөліп төлеуге дайындалыңдар»: Жаңа iPhone сатылымға шықты

Бүгін, 18 қыркүйекте жаңа iPhone смартфондарының сатылымы басталып, әлемнің әр түкпіріндегі Apple дүкендерінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Кейбір сатып алушылар жаңа құрылғыны бірінші болып алу үшін бірнеше сағат күткен, деп хабарлайды paryz.kz.

«Бөліп төлеуге дайындалыңдар»: Жаңа iPhone сатылымға шықты
Фото: дереккөз

Мәселен, Үндістанда кейбір сатып алушылар бағасы шамамен 3 миллион теңгеге жететін смартфонды алу үшін кезекке тұрған. Жоғары бағаға қарамастан, жаңа модельдерге деген сұраныс жоғары болып отыр.

Қазақстанда әзірге жаңа iPhone-ға алдын ала тапсырыс беру басталған. Еркін сатылым 25 қыркүйекте басталады деп күтіледі.

Қазақстандағы бағасына келсек, 256 ГБ жады бар iPhone 18 Pro нұсқасының бастапқы бағасы – 849 990 теңге. Ал 2 ТБ жады бар ең жоғары нұсқасы 1 698 990 теңгеге бағаланған. iPhone 18 Pro Max бағасы 909 990 теңгеден басталады. Ең жоғары жинақталымының құны – 1 769 990 теңге. Смартфондар ресми кепілдікпен сатылады. 

Сонымен қатар құрылғының IMEI-коды міндетті түрде тексеріледі. Жаңа модельдер A20 Pro чипімен, 48 Мп камерамен, ауыспалы диафрагмамен, жақсартылған салқындату жүйесімен және жасанды интеллект мүмкіндіктері жаңартылған Siri жүйесімен ерекшеленеді.

Сондай-ақ 2 ТБ жады бар нұсқа алғаш рет ұсынылып отыр. Ал Apple компаниясының алғашқы бүктелмелі смартфоны саналатын iPhone Duo-ға қатысты жағдай әзірге белгісіз. Оның Қазақстанда қашан сатылымға шығатыны немесе алдын ала тапсырысы басталатыны туралы нақты ақпарат жоқ.

Осы ретте полиция қазақстандықтарды жаңа iPhone-ға қатысты алаяқтық схемалардан сақ болуға шақырды. Telegram желісінде смартфондарды нарықтағы бағадан төмен ұсынатын арналар пайда болған. Алаяқтар сатып алушылардан жеке тұлғаның банк картасына немесе криптовалюта арқылы алдын ала төлем жасауды сұрайды.

Ақша аударылғаннан кейін сатушы байланысқа шықпай, ізін суытатын жағдайлар кездеседі. Сондықтан полиция белгісіз сатушыларға алдын ала ақша аудармауға және смартфонды тек ресми сауда орындарынан сатып алуға кеңес береді.