АҚШ-та тұратын қазақстандық боксшы Аида Сатыбалдинова Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтің жағдайына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды paryz.kz 1bol.kz-ке сілтеме жасап.
Ол Instagram парақшасында Елеусіновтің менеджері Зия Әлиевке үндеу жасап, спортшыға қажетті қолдау көрсетуді сұрады.
«Оның басынан не өтіп жатқанын көріп отырсыз. Даниярға көмектесе алмайсыз ба? Егер мамандардың көмегі, психологиялық қолдау немесе оңалту қажет болса, бұған назар аударғаныңыз жөн», — деп жазды Сатыбалдинова.
Боксшы бұл пікірін Елеусіновтің соңғы мәлімдемелерінен кейін білдірді. Олимпиада чемпионы жуырда Еркебұлан Тоқтарды «атақ қуған» және «екіжүзді» деп атап, оны жекпе-жекке шақырған еді.
Бұған дейін Елеусінов алкогольге тәуелділікпен күресіп жүргенін ашық мәлімдеген. Соған қарамастан ол кәсіпқой бокстағы мансабын жалғастыруға ниетті екенін айтқан.
2026 жылғы шілдеде Астана соты Елеусіновті мас күйінде көлік жүргізіп, бірнеше жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін 20 тәулікке қамаған. Сонымен бірге ол жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.