Заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Шымкенттегі театрлардың жағдайын сынға алып, қалада жаңа мәдени нысандардың салынбай жатқанын айтты. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды paryz.kz.
Айгүл Орынбек Алматыда өткен «Сен және Мен» спектаклінің премьерасына барғанын айтып, қойылымнан алған әсерімен бөлісті. Оның сөзінше, спектакльде Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Әбдікәрімованың актерлік шеберлігі жоғары деңгейде көрінген.
«Қазақ театрының атасы Шымкенттен шықса да, Шымкенттің театрлары баяғыда өлген… Кеше «Сен және Мен» спектаклінің премьерасына арнайы Алматыға бардым. Премьерадан кейін әлі күнге дейін өзіме келе алмай жүрмін. Азамат Сатыбалды мен Жұлдыз Әбдікәрімованың ойыны өте жоғары деңгейде. Өте шынайы. Тіпті көрген әсерімді сөзбен жеткізу қиын», – деп жазды ол.
Заңгер қойылымда атақ, абырой мен ақша үшін отбасын екінші орынға қойған ер адамның бейнесі шынайы көрсетілгенін атап өтті.
Сонымен қатар көптеген қазақ әйелінің тағдыры төрт қабырғаның ішінде өткенін айтып, қызғаншақ әрі өзімшіл ер адамның бейнесі де нанымды сомдалғанын жеткізді. Ол спектакль авторы Назгүл ханымды Шымкентке шақырғысы келгенін, алайда қаладағы театрлардың жағдайын ойлап, ыңғайсызданғанын жазды.
Айгүл Орынбектің сөзінше, Жұмат Шанин атындағы театр ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді.
Ол театрдың Асқар Мырзахметовтың тұсында салынғаннан кейін жөндеу көрмегенін айтып, биыл Қарағандыдан келген театр актерлерінің қойылымы кезінде ғимараттың жағдайына тағы бір мәрте назар аударғанын жеткізді. Сондай-ақ ол Шымкенттегі Жастар театрының жағдайына да тоқталды. Заңгер театрдағы ескі орындықтардың сықырынан сахнадағы актерлердің дауысын есту қиын болғанын айтты.
Бұдан бөлек, Айгүл Орынбек қалада жаңа Опера және балет театрының құрылысы басталмағанына назар аударды. Оның пікірінше, Шымкентте әлеуметтік, мәдени және спорттық нысандарды салуға басымдық берілуі керек.
«Әйтеновтың кезінде салынып бітуі керек болған жаңа Опера және балет театры салынып біткенде, сол жерге мақтанып тұрып шақырар едім. Бірақ, өкінішке қарай, оның тіпті іргетасы да қаланбаған», – деп жазды ол.
Сонымен қатар заңгер Шымкенттегі футбол стадионының құрылысына қатысты да сын айтты.
Оның айтуынша, 2026 жылы аяқталуы тиіс нысан әлі де толық пайдалануға берілмеген. Айгүл Орынбек қала билігін мәдениет пен спорт саласындағы нысандардың құрылысына қатысты жұмыстарды жандандыруға шақырды.