Қазақстан Республикасы – Конституция бойынша зайырлы мемлекет. Соған қарамастан қоғамда «зайырлылық» ұғымына қатысты түрлі пікірлер жиі айтылады. Кейбір азаматтар зайырлы мемлекетті діннен бас тарту немесе дінге қарсы саясат ретінде қабылдайды. Алайда бұл түсінік зайырлылық қағидатының шынайы мазмұнын толық ашпайды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабында еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жәнезайырлы әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны көрсетілген. Бұл қағида мемлекет қандай да бір дінді ресми немесе міндетті деп танымайтынын, барлық азаматтың ар-ожданы және діни сенім бостандығына тең құқық берілетінін білдіреді.
Сарапшылардың пікірінше, зайырлылық – дінсіздік емес. Ол адамның ар-ождан және діни сенім бостандығын қамтамасыз ететін, дүниетанымдық әралуандылықты мойындайтын, адамгершілік және құқықтық құндылықтарға негізделген қоғамдық қағидат. Сондықтан діни дүниетаным да зайырлы қоғамның ажырамас бөлігі болып саналады.
Зайырлы мемлекетте мемлекеттің және діни бірлестіктердің қызмет аясы нақты ажыратылған. Бұл мемлекет дінге қарсы дегенді білдірмейді. Керісінше, әр азаматтың өз дінін ұстануына немесе ешқандай дінді ұстанбауына тең мүмкіндік беріледі. Мемлекет барлық конфессияларға заң алдында бірдей жағдай жасап, олардың құқықтарының сақталуына кепілдік береді.
Қазақстанда бүгінде түрлі конфессиялардың қызметіне қажетті құқықтық жағдай қалыптасқан. Ел аумағында мешіттер, шіркеулер және басқа да діни бірлестіктер заң аясында еркін жұмыс істейді. Сонымен қатар мемлекет азаматтардың діни құқықтарын қорғай отырып, қоғамдық қауіпсіздік пен конфессияаралық келісімді сақтауға ерекше назар аударады.
Зайырлылық қағидаты білім беру жүйесінде де көрініс тапқан. Қазақстанның заңнамаларына сәйкес білім беру және тәрбие жүйесі зайырлы сипатта жүзеге асырылады. Бұл діни білімге тыйым салынғанын білдірмейді. Орта мектептерде оқушыларға дінтанулық білім берілсе, діни білімді азаматтар өз қалауы бойынша және заңнама талаптарына сәйкес діни ұйымдар жанындағы сауат ашу курстарында ала алады. Осылайша мемлекет азаматтардың діни сенім бостандығын қамтамасыз ете отырып, білім беру жүйесінің бейтарап сипатын сақтайды.
Мамандардың айтуынша, зайырлы білім беру жүйесінің мақсаты – оқушылардың белгілі бір дінді қабылдауына ықпал ету емес, олардың дін туралы ғылыми әрі объективті түсінігін қалыптастыру. Бұл өз кезегінде діни сауаттылықты арттырып, радикалды идеялардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазақстан заңнамасында азаматтардың діни сенім бостандығымен қатар қоғам алдындағы жауапкершілігі де нақты белгіленген. Қолданыстағы заңдарға сәйкес ешкім өзінің діни нанымына сүйеніп Конституция мен заңдарда көзделген міндеттерді орындаудан бас тарта алмайды. Бұл қағида барлық азамат үшін бірдей қолданылады және құқықтық мемлекеттің маңызды талаптарының бірі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет зайырлылық қағидатының еліміз үшін стратегиялық маңызын атап өткен. Оның айтуынша, зайырлы мемлекет – азаматтардың діни сеніміне құрметпен қарайтын, бірақ мемлекеттік басқаруды Конституция мен заң үстемдігі негізінде жүзеге асыратын мемлекет.
Дінтанушылардың пікірінше, зайырлылық қоғамдағы түрлі діни көзқарастағы адамдардың бейбіт қатар өмір сүруіне құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл қағидат ешбір конфессияға артықшылық бермейді және ешқайсысын шектемейді. Негізгі мақсат – азаматтардың құқықтарын тең қорғау мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) да зайырлы мемлекет қағидатын ислам құндылықтарына қайшы емес деп бағалайды. ҚМДБ өкілдерінің түсіндіруінше, ислам діні заңға бағынуды, қоғамдық тәртіпті сақтауды және бейбітшілікті қолдауды насихаттайды. Сондықтан мемлекет белгілеген құқықтық талаптарды сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті саналады.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілерде зайырлылық туралы түрлі пікірлер мен жаңсақ ақпараттар жиі таралады. Мамандар мұндай мәселелерде тек ресми құқықтық құжаттарға, мемлекеттік органдардың түсіндірмелеріне және білікті дінтанушылардың ғылыми пікірлеріне сүйенуге кеңес береді.
Зайырлылық – қоғамдағы діни әртүрлілікті шектеу емес, керісінше әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тең дәрежеде қорғауға бағытталған құқықтық қағидат. Ол Қазақстандағы қоғамдық келісімнің, тұрақтылықтың және конфессияаралық татулықтың берік негіздерінің бірі болып қала береді.