Прямая трансляция

Астана

Астана

32.54°C

Дінді TikTok-тен үйренген ұрпақ: әлеуметтік желідегі ақпараттың жауапкершілігі

Әлеуметтік желілер бүгінде жастардың негізгі ақпарат алу алаңына айналды. Бұрын діни білім көбіне мешіттердегі дәрістер, арнайы әдебиеттер мен ұстаздар арқылы берілсе, қазір көптеген жас ислам туралы алғашқы мәліметті TikTok, Instagram немесе YouTube платформаларынан алады. Сарапшылар мұндай үрдістің оң тұстарымен қатар, елеулі қауіптері де бар деп айтады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Дінді TikTok-тен үйренген ұрпақ: әлеуметтік желідегі ақпараттың жауапкершілігі
Фото: pixabay.com

Қысқа бейнероликтер арқылы діни тақырыптарды түсіндіру кеңінен таралғанымен, олардың барлығы бірдей ресми немесе сенімді дереккөзге сүйенбейді. Кей жағдайда діни білімі жеткіліксіз адамдардың жеке пікірлері немесе контекстен жұлып алынған уағыз үзінділері жастардың дін туралы қате түсінік қалыптастыруына себеп болуы мүмкін.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) әлеуметтік желінің пайдалы тұстарымен қатар, оны қолданудың әдебі мен мәдениетіне ерекше назар аударады. ҚМДБ жариялаған «Әлеуметтік желіні қолданудың әдебі мен мәдениеті» тақырыбындағы уағызда қазіргі технологияның адамдар арасындағы байланысты жеңілдеткені, білім алуға және пайдалы ақпарат таратуға мүмкіндік бергені айтылғанымен, оны жауапкершілікпен пайдалану қажеттігі ескертіледі.

Уағызда мұсылман адам әлеуметтік желідегі кез келген ақпаратқа сене бермей, өзіне пайдалы әрі сенімді мәліметті ғана қабылдауы керектігі атап өтіледі. Діни білімді кездейсоқ бейнероликтерден емес, білікті мамандардан, ресми имамдардан және сенімді діни әдебиеттерден үйренудің маңызы ерекше көрсетілген.

Бүгінде әлеуметтік желіде жазылған бір ғана пікір немесе бөліскен бір ғана бейне жүздеген, тіпті мыңдаған адамға таралады. Сондықтан интернеттегі әрбір әрекет жауапкершілікпен жасалуы тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамасы діни алауыздықты қоздыруға, экстремистік мазмұндағы ақпаратты таратуға немесе насихаттауға жол бермейді. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Сол себепті әрбір қолданушы жариялаған ақпаратына ғана емес, қалдырған пікіріне де жауапты екенін ұмытпауы қажет.

ҚМДБ әлеуметтік желіні уақытты тиімді пайдалануға кедергі келтіретін құралға айналдырмауға шақырады. Уағызда Алла Тағаланың адамға берген ең үлкен нығметтерінің бірі – уақыт екенін еске салынып, оны бос өткізбеу қажеттігі түсіндіріледі. 

ҚМДБ әлеуметтік желілердегі тағы бір маңызды мәселеге – көзді және сананы зиянды контенттен сақтауға назар аударады. Интернет кеңістігінде арсыздықты, зорлық-зомбылықты немесе радикалды көзқарастарды насихаттайтын материалдардың көп болуы жастардың дүниетанымына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұсылман адам көрген, оқыған және бөліскен ақпаратқа жауапкершілікпен қарауы тиіс.

Уағызда ата-аналардың жауапкершілігіне де ерекше тоқталады. Балалардың әлеуметтік желіде қандай контент көріп жүргенін, кімдермен байланыс орнататынын бақылау – отбасының маңызды міндеттерінің бірі. Баланы ерте жастан телефонға тәуелді етпеу, уақытты тиімді жоспарлауға және пайдалы ақпаратты таңдауға үйрету – қазіргі тәрбиенің өзекті бағыттарының бірі ретінде көрсетілген.

ҚМДБ әлеуметтік желідегі пікірталас мәдениетіне де мән береді. Адамдарды өз ойын көркем түрде жеткізуге, өзгелердің пікіріне құрметпен қарауға және дау-дамайдан аулақ болуға шақырады. Уағызда пікір алмасу кезінде әдеп сақтау мұсылманның маңызды қасиеттерінің бірі екені айтылып, өзара сыйластық пен сабырлылықтың қоғамдағы татулықты нығайтатыны түсіндіріледі.

Бүгінде әлеуметтік желілер дінді насихаттаудың да маңызды құралына айналды. ҚМДБ мен еліміздің имамдары ресми парақшалар арқылы күн сайын уағыздар, түсіндірме бейнероликтер және діни сұрақтарға жауаптар жариялап келеді. Бұл жастардың сенімді ақпаратқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Дегенмен мамандар әлеуметтік желі ешқашан жүйелі діни білімнің орнын баса алмайтынын айтады. Дінді терең түсіну үшін ресми мешіттердегі дәрістерге қатысу, ҚМДБ ұсынған әдебиеттерді оқу және білікті имамдардың түсіндірулеріне сүйену маңызды.

Қазіргі цифрлық дәуірде жастардың дінді әлеуметтік желі арқылы тануға ұмтылуы заңды құбылыс. Алайда бұл үдеріс жауапкершілікпен қатар жүруі тиіс. Әлеуметтік желідегі әрбір ақпарат шынайы білімнің өлшемі емес. Сондықтан сенімді дереккөзге жүгіну, ресми діни институттардың ұстанымын басшылыққа алу және ақпаратты сын тұрғысынан бағалау – діни сауаттылықтың басты қағидаларының бірі болып қала береді.