Әлеуметтік желілерде Shoqansuits ерлер киімі бренді жариялаған жарнама қоғам арасында қызу талқыланып жатыр. Дауға бірнеше ай бұрын түсірілген, Бораттың бейнесі қолданылған ролик себеп болды. Видео алғаш ақпан айында жарияланғанымен, кейінгі күндері қайта таралып, көпшіліктің сынына ұшырады, деп хабарлайды paryz.kz.
Желі қолданушылары брендтің мұндай кейіпкерді жарнамада пайдалануын орынсыз деп бағалады. Олардың пікірінше, «Борат» фильмі Қазақстан мен қазақ халқына қатысты жағымсыз стереотиптерді қалыптастырғандықтан, мұндай бейнені қолдану ұлттық құндылықтарға құрметсіздік ретінде қабылданады.
Қоғамдық пікір күшейген соң компания даулы видеоны өшіріп, Shoqansuits негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов бірнеше рет түсініктеме берді. Ол роликтің қателік болғанын мойындап, компанияның ешқашан Қазақстанды, қазақ халқын, мемлекеттік тілді немесе ұлттық мәдениетті келемеждеуді мақсат етпегенін айтты.
Алайда желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай жарнаманың кездейсоқ жарияланғанына сенбейтінін жеткізді. Олардың айтуынша, мұндай контент бірнеше кезеңнен өтіп барып жарияланатындықтан, оны жай ғана қателік деу дұрыс емес. Кейбірі мұны брендтің әдейі назар аударту үшін жасаған маркетингтік қадамы болуы мүмкін деген пікір білдірді.
Сонымен қатар сын тек роликке ғана емес, компанияның кейінгі әрекетіне де бағытталды. Пікір қалдырушылардың бір бөлігі кешірімнің бейнеүндеу арқылы жасалмағанын айтып, брендтің дағдарыс кезіндегі коммуникациясын кәсіби деңгейде жүргізілмеді деп бағалады. Дегенмен көпшілік арасында компанияны қолдағандар да болды. Олар кез келген адам қателесуі мүмкін екенін, ал бір ғана жарнама үшін көп жылдан бері қалыптасқан бизнесті жоққа шығаруға болмайтынын айтты. Сондай-ақ кейбірі бір қызметкердің немесе маркетологтың жіберген қатесі үшін бүкіл ұжым жауап бермеуі керек деген пікір білдірді.
Ұлықбек Шәріпов кейінгі мәлімдемесінде видеоны алғаш Instagram желісінен көрген сәтте-ақ оны өшіруге тапсырма бергенін, алайда роликтің TikTok-та қалып қойғанын білмегенін түсіндірді.
Оның сөзінше, бірнеше айдан кейін видео қайта таралып, Threads әлеуметтік желісінде кеңінен талқылана бастаған. Кәсіпкер қоғам тарапынан айтылған сынды қабылдайтынын, қателіктен сабақ алғанын жеткізді.
Сонымен бірге ол конструктивті сын мен жаппай қудалаудың ара-жігін ажырату қажет екенін айтып, пікірлердің бәрі компания үшін маңызды екенін атап өтті.