Қазақстандық әнші Тамара Асар әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің қазіргі жағдайы туралы жазба жариялап, көпшілікті толқытты, деп хабарлайды Paryz.kz Ozgeris.info сайтына сілтеме жасап.
Өнер иесі соңғы күндері қайта жүріп үйреніп жатқанын айтып, ішкі күйін бөлісті.
«Шетелдемін. Алла сәтін салса, үш күннен бері қайтадан тәй-тәй басып, жүріп үйреніп жатырмын…», - деді ол. Сонымен қатар ол бұл кезеңнің өзі үшін үлкен сынақ екенін жеткізіп, әр қадамын ерекше мәнмен сипаттады.
«Отырған орныңан көтеріліп, мұп-мұздай болған аяққа дұрыс міну – Жетістік. Бір жаққа қарай ауып кетпей, тепе-теңдікпен бойыңды тік ұстау – Жеңіс. Өз комфортына жайғасып алған жылы дененің ауырсынуына, қажалғанына қарамай күрделі кезеңге бағыттап, босата білу – көну арқылы келген – Ерлік. Бір қадамды мың рет тынбай қайталау – Еңбек. Қажалудың қанымен, ауырсынудан жотадан сорғалаған терге бой бермеу – Жеңіс. Ал әрбір басқан қадам ойдағыдай өзі әдемі, өзі нық болса бұл бұйырса – Жеміс! Тәнің мен жаныңды бір Аллаға тапсырып, бағыну арқылы бағындыру — РАХАТ!!! Бәрі ӨМІРДЕГІДЕЙ, ал өмір, кәдімгі СПОРТТАҒЫДАЙ…», - деп түйіндеді әнші.
Айта кетейік, Тамара Асар жол апатынан кейін аяғынан айырылған еді.