Прямая трансляция

Астана

Астана

21°C

Қазақстанда 21 мыңнан астам өтінім мүгедектікті сырттай анықтау арқылы қаралды

2026 жылдың басынан бері Қазақстанда медициналық-әлеуметтік сараптама аясында мүгедектікті белгілеуге қатысты 21,6 мың өтінім қашықтан қаралған. Бұл барлық куәландырылған азаматтардың шамамен 45,1%-ын құрайды, деп хабарлайды Paryz.kz.

Қазақстанда 21 мыңнан астам өтінім мүгедектікті сырттай анықтау арқылы қаралды
Фото: Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, қазіргі таңда сырттай проактивті куәландыру 60-тан астам нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында онкологиялық аурулар, туберкулездің барлық түрлері, туа біткен және жүре пайда болған анатомиялық кемістіктер, психикалық сырқаттар, балалардағы 1 типті қант диабеті, сирек кездесетін генетикалық аурулар және ағза трансплантациясынан кейінгі жағдайлар бар.

2025 жылы бұл тізім кеңейтіліп, оған гидроцефалия, сондай-ақ аяқ-қолдың тұрақты салдануы мен ауыр парез түрлері енгізілді. Бұл шешім қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және азаматтардың уақыт шығынын азайтуға бағытталған.

Жаңа формат Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қағазбастылықты қысқарту және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жөніндегі тапсырмалары аясында енгізілді. Бүгінде азаматтар тек медициналық тексеруден өтеді, ал құжаттарды жолдау, сараптама жүргізу және шешім шығару процестері толықтай ақпараттық жүйелер арқылы жүзеге асырылады.

Министрлік дерегінше, бұл қызмет eGov және денсаулық сақтау жүйелерінің ақпараттық платформаларымен интеграцияланған. Соның нәтижесінде медициналық ұйымдардан қажетті мәліметтер автоматты түрде түсіп, өтінімдерді қарау мерзімі қысқарады және адами фактордың әсері төмендейді.

Сонымен қатар, сырттай куәландыру мүгедектігі бар азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын жедел алуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жәрдемақыларды тағайындау, оңалту құралдарымен қамтамасыз ету және арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету процестері де цифрлық форматта іске асырылады.

Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтарынан бастап тәуелсіз сарапшылар институты енгізілген. Қазіргі уақытта тізілімде 80 сарапшы бар. 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша олар 93 мыңнан астам өтінімді қарап, сараптамалық қорытынды жасаған.

Жалпы алғанда, ведомство өкілдері бұл жүйе мемлекеттік қызметтердің ашықтығын арттырып, әкімшілік кедергілерді азайтуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал ететінін атап өтуде.