2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда дауыс беруге 9 127 192 азамат қатысып, бұл сайлаушылардың жалпы санының 73,12 пайызын құрады.
Референдум қорытындысына сәйкес, жаңа Конституцияны қабылдауды 7 954 667 азамат немесе дауыс бергендердің 87,15 пайызы қолдады.
Орталық референдум комиссиясының қаулысына сәйкес, дауыс беруге қатысушылар саны заңда белгіленген межеден асқандықтан, референдум өтті деп танылды. Ал ұсынылған Конституция жобасын азаматтардың басым бөлігі қолдағандықтан, жаңа Конституция қабылданды деп есептеледі.
Жаңа Конституция республикалық референдумға «2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұрақпен шығарылған болатын.
Референдумды ұйымдастыру және өткізу Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясына, сондай-ақ аумақтық және учаскелік комиссияларға жүктелді.
Конституцияны қабылдауға байланысты Президент тиісті Жарлыққа қол қойып, құжатты іске асыру бойынша бірқатар шараларды белгіледі.
Атап айтқанда, жаңа Конституцияның мәтіні мерзімді басылымдарда жарияланады. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілерді жаңа Конституцияға сәйкестендіру тапсырылды.
Сондай-ақ, Президенттің және Үкіметтің заңнамалық бастамалары тәртібімен Парламент Мәжілісінің қарауына бірқатар конституциялық заң жобаларын енгізу жоспарланып отыр.
Жаңа Конституцияны іске асыру шеңберінде Үкіметке 2026 жылғы 7 сәуірге дейін оны ілгерілету жөніндегі жоспарды бекіту міндеттелді.
Осылайша, республикалық референдум нәтижесінде қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық негізін жаңғыртуға және мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған.