Танымал тележурналист Дина Төлепберген "Астарлы ақиқаттағы" ұмытылмайтын, есінен кетпейтін кейіпкерлерді еске алды. Ол Тимур Балымбетовке берген сұхбатында Жанар Хамитоваға қатысты өкінішін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
«Жанарды біз тойханада ыдыс жуып жатқан жерде кезіктіріп, эфирге шығарған болатынбыз. Ол кезде ол шын мәнінде көмекке мұқтаж болды. Өйткені, қалтасында ақшасы болған жоқ. Эфирге шығарғаннан кейін тағдыры тез өзгеріп кетті. Өзім аңдып үлгермей жаттым. Продюсер табылды, концерт беріп кетті. Бірақ, мұның сыртында адамдар «Екі баласын күйеуінде қалдырған безбүйрек анасың» деген сын тақты. Сол кезде мен оның өмірінің бір ғана тұсын, жоқшылығын ғана көрсетуім керек пе еді деп ойланамын. Балаларға қатысты мәселесін мүлде айтпағанымда немесе эфирде «Бұл безбүйрек ана емес, күйеуімен шарт болған. Баланың кіммен бірге тұратынын таңдауға құқы бар. Демек, біз баланың таңдауын құрметтеуіміз керек. Қазақ елі, ол үшін Жанарды жазғырмайық» деп айтуым керек пе еді деп ойлаймын. Бәлкім, осы сөздер оны құтқарып қалар ма еді?!», — дейді ол.
Дина Төлепберген Жанар Хамитованың психологиялық дерті болғанын да жасырмады.
«Бағдарламамыз жазғы демалысқа шыққаннан кейін оны көптеген басқа да бағдарламалар шақырды. Ол жерде бәрі этикадан асып түсті. Осының барлығын ол көтере алмай, өз-өзіне қол салды. Бірақ, айналып қарайтын болсақ ең алғаш эфирге шығарған — мен. Әрине, оның өліміне себепкер болған мен емес. Бірақ менің өз-өзіме сұрағым: «Неге мен оны құтқарып қала алмадым?». Құдай емеспін. Дегенмен, жылы сөзбен демеп жібергенімде құтқарып қалуға болар ма еді?! Атап өтетін мәселе, психологиялық үлкен жағдай бар. Мамандар Жанардың бойынан бір ауруды тапқан болатын. Біз психологиялық орталықпен келісіп, ем-дом қабылдау керек еді. Ол екі сеанстан кейін бармай кеткен. Оны маған психологтар айтқан жоқ. Біз бартермен келісеміз. Маманның пиарын ары қарай жасай бердік. Жанарды емге барып жүр деп ойладық. Бірақ ол қайтыс болғаннан кейін маман маған келіп «Дина ол негізі екі-ақ сеансқа келген еді. Сосын келтіре алмадым, кешірші» деді», — дейді Дина Төлепберген.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 16-шы қыркүйегінде «Арнау» тобының экс-әншісі Жанар Хамитова қайтыс болды.