Жетісу облысында ер адам дүкеннен бірнеше шоколад ұрлады деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды paryz.kz.
Ескелді ауданының полиция қызметкерлері төрт қорап шоколад ұрлады деген күдікпен 49 жастағы тұрғынды ұстады.
Оқиға Жаңа жыл мерекесіне дейін Ескелді ауданына қарасты Бақтыбай ауылындағы дүкендердің бірінде болған. Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті күндізгі уақытта ауылға ескі танысын іздеп келген, алайда кездесе алмаған. Талдықорғанға қайтар алдында ол ауылдың дүкеніне кірген.
Дүкен ішінде сатып алушылар көп болған сәтті пайдаланған ер адам жоғарғы сөреде тұрған шоколадтарға назар аударып, айналасындағыларға білдіртпей төрт қорап шоколадты ұрлап, дүкеннен шығып кеткен.
Күдікті анықталды, аталған азамат өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, ұрлық жасағаны үшін қатаң жауапкершілік көзделген.
Полиция көзге ұсақ болып көрінген құқық бұзушылықтың өзі ауыр құқықтық салдарға әкелетінін ескертеді.