Желіде ерекше баланың анасының сырт келбеті мен жеке өмірін сынап, кемсіткен коуч Бақытбай Сабырбек қазақстандықтардың шамына тиді, деп хабарлайды Sn.kz
Коуч Бақытбай Сабырбек әлеуметтік желідегі парақшасында семинарларының бірінде ерекше баланың анасымен сөйлескен сәтінен видео жариялады. Кадрларда ол алдымен көпбалалы ананың жасын, кейінірек жеке өмірін сынап, орынсыз сөздер айтты. Коуч әңгімені әйелдің жасын сұраудан бастайды. Әйел өзінің 38 жаста екенін айтқан кезде, Сабырбек:
“Мама! Мен сізді шамамен 48 жаста шығар деп ойладым! Қатты шаршағансыз! 42 жаста болса да менімен шамалас көрінетін әйелдер отыр ғой. Алты баласы бар. Неге өзіңізге қарамайсыз?”, – дейді ол.
Әйел ерекше баланы тәрбиелеп отырғанын айтқан соң, коуч баланың дамуына қатысты сұрақ қояды:
“Сіз қалай ойлайсыз, бұл бала неге дамымай жатыр?” Әйел ұзақ уақыттан бері бұл сұраққа жауап іздеп жүргенін, баласымен жылдар бойы ауруханада болғанын, барлық уақытын соған арнағанын айтты.
Соның арқасында баласы оны тани бастап, құшақтайтынын, бірақ әлі сөйлеуді үйренбегенін жеткізді.
Бұдан кейін Бақытбай Сабырбек ананың жеке өмірін сынға алып, жүктілік кезінде қиындықтар туралы ойлаған-ойламағанын, ер адамды қаншалықты “мойындамағанын” сұрайды.
Әйел ол кезеңде бизнеспен айналысқанын, өзімшіл болып, жақындарынан алшақтағанын айтты.
“Сіздің санаңызда барлық ер адам әлсіз, әкеңіз әлсіз, күйеуіңіз әлсіз, соның салдарынан бала да сондай болып шыққан. Ал бала әлсіз болғысы келе ме? Жоқ. Сондықтан ол ауырады, алға жылжымайды”, – деді Бақытбай Сабырбек.