Прямая трансляция

Астана

Астана

25.77°C

«Ұзартуға тура келді»: еліміздегі ең бойшаң сарбаз әскери бригаданың стандарт төсегіне сыймай қалған

Қазақстандағы ең бойшаң сарбаз Әлішер Назымбек Отан алдындағы борышын Маңғыстауда өтеп жатқаны туралы бұған дейін жазған едік. 24.kz тілшілеріне сұхбат берген сарбаз өміріндегі қызықты жайттарды бөлісті.

«Ұзартуға тура келді»: еліміздегі ең бойшаң сарбаз әскери бригаданың стандарт төсегіне сыймай қалған
фото: 24.kz

Әлішер Назымбектің бойы – 2 метр 9 сантиметр. 20 жастағы Әлішер Назымбек Ақмола өңірінің тумасы. Кәсіптік білім беру ұйымын "Өрт қауіпсіздігі" мамандығы бойынша аяқтаған. Әскерге өз еркімен келген. Бала шағынан бойшаң болған ол мектеп партасына отырудың ыңғайсыз болғанын еске алады.

"Менің бойым нағашы атама ұқсаған. Яғни нағашы жаққа тартқан. Үйге кіреберісте сыртқы есіктер болады ғой. Есіктен еңкейіп өтемін және киім табу қиын болады. Мен оларды тапсырыс беріп тіктіртемін. Колледжде оқып жүрген кезімде 2 жыл кикбоксингпен, волейболмен айналыстым", - дейді сарбаз Әлішер Назымбек.

Әлішер — отбасындағы 6 баланың үлкені. Айтуынша, бауырлары да бойшаң. Жас жауынгерге 49-размерлі аяқ киім оңайлықпен табылмапты.

Әскери бөлім басшылығы оған киім-кешекті арнайы тапсырыспен тіктірген. Жауынгерлер ұйықтайтын кереует бойына шақ келмеген соң, ұзартуға тура келген.

"Стандарт төсегіміз 190 сантиметр. Солдатымыздың бойы ұзын болғандықтан, төсекті ұзартып 30 сантиметрге создық. Жайлы жатуы үшін бәрін жасап қойдық", - дейді рота старшинасы Алпысбай Мұстафин.

"Теңіз жаяу әскері бригадасы Қазақстанда жалғыз болғандықтан, бұл жаққа іріктеу өте қатаң түрде жүргізіледі. Біріншіден, денсаулыққа байланысты. Бойына, салмағына аса мән береміз. Бұл уақытқа дейін бізде мұндай сарбаздар қызмет атқарған. Бойлары 2,8 метр, 2,3 метр және 2,4 метр болған. Соған орай бригадамыз мұндай әскери қызметшілерге барлық жағынан дайын", - дейді Ақтау гарнизоны баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбол Шалабаев.

Теңіз жаяу әскері бригадасында 600-ге жуық адам "Жас сарбаз" курсын оқып жатыр. Елдің түкпір-түкпірінен келген жастар 15 қарашада әскери ант беру рәсіміне қатысады. Ең бойшаң жауынгер келешекте жоғары білім алып, офицер болуды армандайды.