Полиция белгілі әнші Qarakesek-ке қатысты есірткі сақтады деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Paryz.kz turkystan.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ хабарлауынша, Омар Амантаевты (Qarakesek) Ақтөбеде ұстағаннан кейін әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот оны көлікті мас күйінде басқарғаны үшін кінәлі деп таныды. Амантаев 15 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Tengrinews.kz мәліметінше, «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Егер музыкант есірткіні заңсыз сақтады деп танылса, оған 160 АЕК-ке дейінгі айыппұл (2025 жылы – 629 120 теңге) не 160 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, не 40 тәулікке дейінгі жаңа қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.
Бұған дейін рэперге тек әкімшілік қамау қолданылғаны хабарланған. Ал есірткі сақтағаны үшін қылмыстық іс қозғалғаны жайлы полиция таратпаған еді.
Еске сала кетейік, қыркүйек айының басында Ақтөбе полициясы 31 жастағы рэп-орындаушыны есірткілік мас күйінде ұстаған болатын. Оның жанынан ұнтақ тәрізді заты бар зип-пакет табылды.
Ұсталған адам – Qarakesek, ол – 1994 жылдың 17 қазанында Оралда туған Омар Амантаевтың сахналық есімі. Ол шығармашылығын интернеттен бастап, қарапайым веб-камера арқылы түсірілген бейнероликтерді желіге жүктеген. 18 жасында алғашқы екі альбомын шығарған. Qarakesek Қазақстандағы үздік лирикалық рэп-орындаушылардың бірі саналады. Оның бейнебаяндарын YouTube-та миллиондаған адам тамашалайды.