Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында 83 жастағы Амантай қажыға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Paryz.kz.
Шілде айында қаладағы спорт кешендерінің бірінде ол әйелді баспалдақтан итерді деген айып тағылған еді. Әлеуметтік желідегі мәліметке сәйкес, жәбірленуші әйелдің жамбас сүйегі сынып, ауыр жарақат алған.
Бастапқыда іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы («Денсаулыққа қасақана орташа ауыр зиян келтіру») бойынша тергелген. Алайда 23 қыркүйекте сотта айып 114-баптың 3-бөлігіне («Абайсызда ауыр зиян келтіру») ауыстырылды. Амантай қажының өзі денсаулығына байланысты сотқа қатыспады. Ол жазбаша өтініш беріп, жәбірленушімен медиативтік келісімге келгенін және тараптардың бір-біріне шағымы жоқ екенін жеткізді. Судьяның айтуынша, ол моральдық және материалдық шығынды өтеген, бірақ өтемақы сомасы жарияланбады. «Мен адал, таза адаммын. Қылмыс жасаған жоқпын. Ол кісіні итерген емеспін», – деді Амантай қажы.
Айыпталушының қорғаушысы Жанғазы Күнсеркин де істі тоқтату туралы өтінішті қолдады. Оның сөзінше, қылмыстық баптың өзгеруіне оқиға орны әсер еткен: «Егер тегіс жерде болса, іс басқа баппен қаралар еді. Бұл жағдай “Динамо” стадионының баспалдағында болған», – деді адвокат.
Нәтижесінде судья тараптардың татуласуын және шығынның өтелуін ескеріп, істі тоқтату туралы шешім шығарды.