Қостанай облысында 17 ауыл ішімдіктен бас тартты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Қостанай облысында "Мәдени қоғам" жобасы белсенді жүзеге асырылып жатыр.
Жобаның ең маңызды жетістіктерінің бірі — өңірдегі 17 ауылдың алкогольден толық бас тартуы.
"Қалалар мен ауылдарда құрметті ақсақалдар, дін өкілдері, белсенді азаматтардан құралған қоғамдық комиссиялар жұмыс істейді. Олар алкогольге тәуелді жандарға көмектесіп, рухани қолдау көрсетіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ "Мәдени қоғам" аясында ішімдік сататын орындарға рейдтер ұйымдастырылады. Биыл жыл басынан бері 217 заң бұзушылық анықталған.
Облыстық ПД бастығының орынбасары Аманжол Байзақовтың айтуынша, 7 айда мас күйінде жасалған қылмыстар 3,3%-ке азайған.
Алайда қоғамдық тәртіпті жиі бұзатын, отбасылық жанжал шығарушылар мен ішімдік ішуге әуес адамдарды бақылау жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері сот 2600 адамға алкоголь тұтынуға тыйым салу туралы шешім шығарған.
"Мәдени қоғам" жобасы Қостанай облысында 2024 жылғы қыркүйектен бастап жүзеге асырылуда. Жобаның басты мақсаты — құқық бұзушылықтың алдын алу, зиянды әдеттермен күресу және салауатты мәдени ортаны дамыту.