Желіде теміржол қызметіндегі басшының қызметкерлерімен онлайн-жиын кезінде айғайлап, бейәдеп сөздер қолданған сәті түсірілген видео тарады. Қазақстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Paryz.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Вице-премьердің айтуынша, видеодағы басшымен түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
"Өкінішке қарай, мұндай жағдай расымен де болған. Әрине, этиканы сақтау міндетті болуы керек. Бірақ, Нұрлан Ермекұлы (Сауранбаев, көлік министрі – еск.) айтқандай, ҚТЖ - күрделі құрылым. Онда ең бастысы қауіпсіздік. Менің білуімше, ол теміржолшымен әңгіме жүргізіліп, ол бәрін түсінген. Оның жұмысын жалғастырғаны дұрыс деп ойлаймын", - деді Скляр.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде теміржолшы киімін киген ер адамның қызметтік мәселелерді айғайлап және бейәдеп сөздермен түсіндіріп жатқан видеосы тараған еді. Аталған жағдайға ҚТЖ баспасөз қызметі де пікір білдірді.