Назарбаев Зияткерлік мектебінің ата-аналары Перизат Қайрат басқаратын қорға 900 мың теңгеге жуық ақша аударған, деп хабарлайды Paryz.kz.
Сот процесі барысында комитет өкілдері бұл қаражатты су тасқынынан зардап шеккендер мен ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсету үшін аударғанын айтады.
Біз бұл қаражатты ашық дереккөздер арқылы таратылған көмектесу үндеулеріне сеніп аудардық. Алайда ақша діттеген жеріне жетпесе, қайтарылуы керек, – деді ата-аналар комитетінің өкілі Сәуле Қуандықова сот залында.
Ата-аналар комитетінің өкілдері 901 мың теңге көлеміндегі ақшаны қайтару туралы талапты толық қолдайтындарын айтты.
Айыптау тарапының мәліметінше, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева “Bizbirgemiz Qazaqstan 2030” қорын пайдаланып, қайырымдылыққа деп жиналған қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ақша шетелге сапарлар мен қымбат заттар алуға кеткен. Қордың өзі жалған ұйым ретінде тіркеліп, алаяқтық жолмен табыс алғандарды ақтау құралы болған.