Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония әншісі, ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Наркенже Серікбаеваның әлеуметтік желідегі сыни жазбасына сәйкес филармония директоры Ғалымжан Ерназаров жауап берді, деп хабарлайды Paryz.kz Todayinfo-ға сілтеме жасап.
Филармонияның ресми парақшасында директор өзіне күйе жағылғанын айтқан.
«Кешегі әлеуметтік желіде тарап жатқан видео бойынша мен де өз жауабымды бергім келеді. Мен – отбасылы, анам бар азаматпын. Маған, менің отбасыма қатты күйе жағылып жатыр. Бұл заң мені де қорғайды деген ойым бар. Заң аясында сотқа шағымдандым. Соттың шешімін күтейік. Содан кейін барлық әлеуметтік желіде жариялаймыз.
«Мені жұмыстан қудалап жатыр» деген сөздері шындыққа жанаспайды. Себебі оның әлеуметтік парақшасынан көріп отырсыздар, бір күні Жезқазғанда, бір күні Қызылордада тойда жүреді. Ол мүлдем жұмысқа келмейді. Біздің кемшілігіміз – жұмыста болмады деп жұмыстан шығарып жіберуіміз еді. Біз оған жанашырлық таныттық», – дейді Ғалымжан Ерназаров.
Оның айтуынша, әнші оның мамандығына қатысты да сын айтқан. Директор егер де бұл қызметке білімі сәйкес келмесе, лауазымға тағайындалмайтынын айтты.
«Мамандығым сәйкес келіп, өнерге жанашыр болғаннан кейін мен осы қызметті атқарып отырмын. Шетелге бару бойынша – олардың барлығы ресми іс-шаралар, елшінің хаты, басқарманың рұқсаты бар. Бұл ақшаны далаға шашып-төгу емес. Астана күнін тойлау мақсатында бара жатқан сапар», – деді ол.
Еске салсақ, осыған дейін Түркістан облысына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі Наркенже Серікбаева директор Ғалымжан Ерназаров анайы ұсыныстар айтатынын айтып, видео жариялаған еді.