Прямая трансляция

Астана

Астана

23.15°C

«Ұлттық спортты қаржы жымқыру көзіне айналдырмау қажет» — Еркебұлан Ілиясов

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында ұлттық спортты  дамыту концепциясы әзірленгенін және оның алтыншы бағыты ұлттық спорт саласындағы ысырапты тоқтатуға арналғанын жеткізді, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Ұлттық спортты қаржы жымқыру көзіне айналдырмау қажет» — Еркебұлан Ілиясов
фото: видеодан скриншот

«Құсбегілікпен Қызылорда, не Маңғыстаудың даласында айналысудың мәні бар ма? Одан да сол аймақтарға Үкіметтен, министрліктен бөлінетін қаржыны құсбегілік дамыған таулы өңірлерге бағыттау керек. Ал көкпарға берілетін қаржының 60-70 пайызын Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарына бөлу керек. Егер шын бел шешіп кіріскен, көкпардан нәтиже шығарып жатқан аймақтар болса, оларға да қолдау беріледі. Айтайын дегенім, істі аяғына дейін апара алмайтын, сол спорт түрімен айналысатын адам жоқ жерге ақша бөлмеу керек. 

Мен жамбы атуға қаржы бөлген өңірлерді көрдім, тіпті тренерлердің жалақысын төлеген. Бірақ ол өңірлерде спортшы да жоқ, ат та жоқ. Бұл жәй ғана ақша жымқырудың, ұрлаудың тәсілі. Әр өңірлерде ипподромдарға жөндеу жасалмаған, арам шөп өсіп кеткен, шаң-шаң болып жатыр.

Халық ондай жерге бармайды да, барғысы да келмейді. Ал «отчетта» бәрі жақсы деп көрсетеді. Біз мамандармен, ұлттық спортағы федерациялармен, атқарушы органдармен бірлесе отырып, қай спорт түрі қайда дамып жатқанын саралап, соған орай қаражатты бөлуіміз керек. Тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ойындарға инфрақұрылымның қажеті жоқ, оны кез келген жерде, өңірде дамыта беруге болады. Ал көкпар, жамбы ату, теңге ілу сияқты спорттарға кәсіби тұрғыда таразылау қажет», — деді Еркебұлан Сайдоллаұлы.