Павлодар облысында кәмелетке толмаған екі қызға зорлық-зомбылық көрсетіп, олардың АИТВ жұқтыруына себеп болған ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы paryz.kz-ке Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Қылмыстық істі Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады.
Сот отырысы жабық режимде өтті. Ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі және 120-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Айыптау материалдарына сәйкес, қылмыстар жәбірленушілердің дәрменсіз жағдайын пайдалану арқылы жасалған.
Зорлық-зомбылық салдарынан қыздар АИТВ жұқтырған. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты О.-ға қатысты қылмыстық істі жабық сот отырысында қарады. Ол Қылмыстық кодекстің 121-бабының 4-бөлігінде және 120-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін айыпталды.
Атап айтқанда, жәбірленушілердің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, абайсызда олардың АИТВ жұқтыруына әкеп соққан, кәмелетке толмағандарға, оның ішінде жас балаларға қатысты өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасаған, сондай-ақ жас баланың дәрменсіз жағдайын пайдаланып зорлаған. Іс жабық сот отырысында қаралғандықтан, заңға сәйкес оның мән-жайлары жария етілмейді, – деп мәлімдеді Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметі.
Сот шешімімен ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған өмір бойы педагогикалық қызметпен айналысуға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Сотталған адам жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуге тиіс. Соттың баспасөз қызметі үкімнің әлі заңды күшіне енбегенін атап өтті.