Маңғыстау облысында құқық қорғау органдары тінту жүргізіп, 232,97 грамм марихуана тәркіледі, деп хабарлайды paryz.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, Маңғыстау облысы полиция департаментінің қызметкерлері ҰҚК департаментінің өкілдерімен және "Арлан" мен "Бүркіт" арнайы бөлімшелерінің жауынгерлерімен бірлесіп, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты екі деректің жолын кесті.
Мәселен Мұнайлы ауданында полицейлер Кира есімді қызметтік иттің көмегімен ішінде екі ер адам отырған BMW автокөлігін тоқтатты. Тінту барысында олардың бірінен салмағы 34,6 грамм марихуана салынған түйіншек табылып, тәркіленді.
Көлік жүргізушісі сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Екінші ер адам медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес есірткіге мас күйде екені анықталды. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-1-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.
Сол күні Жаңаөзенде полиция қызметкерлері жеке үйлердің бірінде тінту жүргізді. Гараж бен шаруашылық қора-жайларынан жалпы салмағы 198,37 грамм марихуана салынған көптеген түйіншек пен пакет табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 296-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Осылайша екі жедел іс-шараның арқасында полицейлер 232,97 грамм марихуананы тәркіледі. Екі факті бойынша да оқиғаның барлық мән-жайын және оған қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.