Прямая трансляция

Астана

Астана

12°C

Мәжіліс телекоммуникация нарығын дамытуға арналған заң жобасын мақұлдады

Бүгін Мәжіліс депутаттары «Телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Paryz.kz.

Мәжіліс телекоммуникация нарығын дамытуға арналған заң жобасын мақұлдады
Фото: пресс-служба Мажилиса РК

Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мутәлінің айтуынша, заң жобасы телекоммуникация саласында қол жеткізілген нәтижелерді заңнамалық тұрғыдан бекітіп, оның әрі қарай дамуына серпін беруге бағытталған.

Депутаттың сөзінше, құжат 116 түзетуден тұрады. Негізгі мақсат — байланыс қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, байланыс желілерін қорғау және телекоммуникация саласындағы алаяқтыққа қарсы күресті күшейту.

Заң жобасы аясында eGov, e-Otinish және ұлттық мессенджер Aitu сияқты әлеуметтік маңызы бар цифрлық сервистерге тарифтелмейтін қолжетімділік енгізіледі. Бұл азаматтарға ұялы байланыс балансында қаражат болмаса да, негізгі мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар байланыс операторларының қаржылық есептілігі, инфрақұрылымға қол жеткізу тарифтері мен қосылу талаптарын жариялау арқылы олардың қызметінің ашықтығы күшейтіледі.

Әбутәліп Мутәлінің мәліметінше, байланыс сапасын жақсарту үшін репитерлерді елге әкелуге шектеу қойылып, оларды тек байланыс операторлары ғана импорттай алады. Сондай-ақ байланыс нысандарын салуға арналған жер учаскелерін бөлу тәртібі жеңілдетіліп, шалғай және туристік аймақтарда байланыс желілерін тарту мүмкіндігі кеңейтіледі.

Депутат заң жобасының екінші блогы телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мен жаңа технологияларды енгізуге бағытталғанын айтты. Атап айтқанда, радиожиілік спектрін пайдалану мерзімі белгіленіп, Интернет заттары желілері, спутниктік байланыс жүйелері мен виртуалды операторлардың қызметіне қатысты құқықтық негіз жаңартылады. Оның айтуынша, бұл өзгерістер шалғай аумақтардағы интернет сапасын арттыруға және спутниктік байланыс саласындағы бәсекелестікті күшейтуге ықпал етеді.

Сонымен қатар халықаралық транзиттік интернет-трафиктің кедергісіз өтуі заңнамалық тұрғыдан бекітіледі. Бұл Қазақстанның өңірлік цифрлық хаб ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

Әбутәліп Мутәлі үшінші блок деректер қауіпсіздігін күшейтуге және байланыс желілеріндегі алаяқтықпен күреске бағытталғанын жеткізді. Оның айтуынша, деректерді өңдеу орталықтарын стратегиялық объектілер қатарына жатқызу ұсынылып отыр. Сонымен бірге заңды тұлғалардың қоңырауларын таңбалау тетігі енгізіліп, абоненттік нөмірлер мен құрылғыларды үшінші тұлғаларға беруге шектеу қойылады.

Депутат соңғы үш жылда телекоммуникация саласына 1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылғанын мәлімдеді. Нәтижесінде тіркелген байланыс абоненттерінің саны 19%-ға, мобильді байланыс абоненттері 12%-ға өскен. Ал мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 75%-ға артып, интернет-трафик көлемі 67%-ға ұлғайған.

Оның айтуынша, алдағы екі жылда 3,5 мыңнан астам ауыл жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Сонымен қатар республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар мобильді интернетпен қамтамасыз етіледі. Биыл пойыздар мен ұшақтарды спутниктік интернетке қосу, сондай-ақ Қазақстанда алғаш рет Direct-to-Cell технологиясын енгізу жоспарланып отыр.

Әбутәліп Мутәлі заң жобасын қабылдау телекоммуникация саласының инвестициялық тартымдылығын арттырып, цифрлық инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеретінін айтты. Оның мәліметінше, алдағы екі жылда салаға 630 миллиард теңгеден астам инвестиция тарту күтілуде. Сонымен қатар абоненттік құрылғыларды верификациялау есебінен бюджетке жыл сайын 30 миллиард теңгеден астам түсім түсуі мүмкін.

Депутаттың сөзінше, 2035 жылға қарай халықаралық транзиттік интернет-трафик көлемі 15 Тбит/с-тан 35 Тбит/с-қа дейін ұлғайып, осы бағыттан түсетін жылдық табыс 300 миллиард теңгеге дейін жетуі ықтимал. Сонымен бірге 2027 жылдың соңына дейін ауылдардың 90%-дан астамы талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамтылып, азаматтар негізгі мемлекеттік сервистерге мобильді интернет арқылы тегін қол жеткізе алады.