АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Вашингтонның арағайындығымен Ресей мен Украина арасында Біріккен Араб Әмірліктерінде келіссөз өтетінін хабарлады.
"Құрама Штаттар 10-11 қарашада Абу-Дабиде Украина мен Ресей арасындағы жұмыс деңгейіндегі келіссөзге арағайын болады", – деп жазды Уиткофф X әлеуметтік желісінде.
Арнайы өкілдің айтуынша, кездесу алдында америкалық келіссөз жүргізушілер Брюссельде Франция, Германия, Ұлыбритания, Еуропалық одақ және НАТО өкілдерімен Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін және болашақ қауіпсіздік архитектурасының негізгі бағыттарын талқылайды. Өткен аптада Ослода Украина президенті Владимир Зеленский, Финляндия президенті Александр Стубб, Норвегия премьер-министрі Йонас Гар Стёре және Стивен Уиткоффтың қатысуымен кездесу өтті.
Келесі күні америкалық келіссөз жүргізуші Санкт-Петербургке барып, Украинадағы қақтығысты шешу жолдары жөніндегі ұсыныстар қамтылған құжаттарды Ресей президенті Владимир Путинге ұсынды.
Ресей басшысы Мәскеудің Вашингтон мен Киевтің қатысуымен үшжақты форматтағы консультацияларды қайта бастауға дайын екенін жеткізді. Кремль өкілі Дмитрий Песковтың айтуынша, Абу-Дабиде өтетін жоспарланған кездесуде тараптар Ресей мен Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктерін талқылайды.
Ал Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ атынан келіссөзге Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысады деп жоспарланып отыр.
"АҚШ атынан Абу-Дабиде Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысады деп жоспарланған", – деп жазады басылым.