Үндістанның Одиша штатында екі басты, бір денелі сәби дүниеге келді. Дәрігерлер нәрестенің жағдайын ауыр деп бағалап, оны арнайы медициналық бөлімге жатқызды, деп хабарлайды paryz.kz.
The New Indian Express басылымының мәліметінше, нәресте 11 қазанда Берхампур қаласындағы MKCG медициналық колледжі мен ауруханасында дүниеге келген.
Сәби мерзімінен бұрын, жүктіліктің 32-аптасында кесарь тілігі арқылы туған. Оның салмағы 2,25 келі болған. Дәрігерлер нәрестеге dicephalic parapagus диагнозын қойған.
Бұл — екі бас пен екі мойынның бір денеге жалғасуымен сипатталатын өте сирек туа біткен жағдай.
Аурухана басшысы Судипа Дастың айтуынша, медицина мамандары нәрестенің тыныс алуын, жүрек соғысын және жалпы жағдайын мұқият бақылап отыр.
Қазіргі уақытта сәби аурухананың жаңа туған нәрестелерге арналған арнайы бөлімінде ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын толық бағалап, әрі қарайғы емдеу тәсілін анықтауы керек. Нәрестенің алдағы жағдайына қатысты нақты болжам әзірге жарияланған жоқ.