Астана тұрғыны желіде кішкентай қызға тиісті деген ер адамның суретін таратты. Астана қалалық полиция департаменті тергеуді бастады, деп хабарлайды paryz.kz.
Әселхан Сидешова Threads желісіндегі парақшасында елордада ер адамның кәмелетке толмаған балаға тиіскені туралы ақпарат жариялады.
"Бағыстан 4 үйлерінің бірінде кішкентай қызға қатысты ауыр оқиға болды. Қолда бар ақпарат бойынша, суреттегі жас жігіт балаға тиіскен. Тапа-тал түсте кішкентай, қорғансыз қыз зорлық-зомбылықтың құрбаны бола жаздады. Мұндай жағдай баланың басына кез келген уақытта және кез келген жерде түсуі мүмкін екенін түсінген қорқынышты. Бұл адамды танығандардан тиісті органдарға шұғыл түрде хабарлауды сұраймыз", - делінген жазбада.
Бұл жарияланымға қатысты Есіл ауданының полицейлері жауап берді.
"Аталған факті бойынша Астана қалалық полиция департаменті Есіл ауданы ПБ полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің "16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы тәртібімен өзге ақпарат жария етілмейді", - деп түсінік берді тәртіп сақшылары.