Прямая трансляция

Астана

Астана

4°C

Есіл өзені неге тартылды — Астана әкімдігінің жауабы

Есіл өзенінің суы айтарлықтай тартылып, кейбір учаскелерде су деңгейі әдеттегі нормадан төмендеген. Бұл жағдайдың фотосуреттері әлеуметтік желілерде жарияланды. Өзгерістің себебі неде және су деңгейі қашан қалпына келеді — осы мәселелерді анықтаған едік, деп хабарлайды paryz.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Есіл өзені неге тартылды — Астана әкімдігінің жауабы
Фото: видиодан скриншот

Қала тұрғындары Threads әлеуметтік желісінде өзеннің тартылғанын көрсететін суреттер жариялап, бұл жағдайды талқылай бастады.

Атап айтқанда, Кенесары көшесінің басынан Бейсеков көшесіне қарай созылған учаскеде су деңгейінің айтарлықтай төмендегені көпшіліктің назарын аударды. 

— Өзеніміз серуендеуге кетіпті, бірақ қайтып оралуға уәде берген сияқты, — деп жазды Threads қолданушысы.

Сондай-ақ, architecture_astana аккаунтында өзен аяқ астынан тартылғаны туралы жазба жарияланды. 

— Есіл өзенінің суы кенеттен тартыла бастады. Кенесары көшесінің басынан Бейсеков көшесіне дейінгі учаске тайыздап кетті. Әзірге бұған не себеп болғаны белгісіз, — делінген жазбада. Жазбаға қалдырылған пікірлерде де тұрғындар су деңгейінің сұмдық төмендегенін жазды. 

— Балалар резеңке етік киіп жүр, — деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Өзен суының тартылу себебін анықтау үшін Астана әкімдігіне жүгіндік. Ведомство мәліметінше, Құрылыс басқармасы Есіл өзенінде реттеуші бөгеттің бесінші кезегін салу бойынша жоспарлы жұмыстарды аяқтаған. Жиналған су ескі арна арқылы бұрылған. 

— Су басу жағдайлары тіркелген жоқ. Жағдай бақылауда, — деп хабарлады әкімдік. Су деңгейі қашан көтерілетіні туралы сұраққа ведомство өкілдері шамамен төрт-бес күн қажет болатынын айтты.