Прямая трансляция

Астана

Астана

5°C

Ақтауда танымал блогер қамауға алынды

Маңғыстау облысында әлеуметтік желі арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен танымал блогер қамауға алынды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

Ақтауда танымал блогер қамауға алынды
Фото: видиодан скриншот

Қылмыстық іс материалына сәйкес, күдікті әлеуметтік желіде Қытайдан түрлі тауарларды, соның ішінде премиум санаттағы ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техниканы нарықтағы бағадан едәуір төмен бағамен сату және жеткізу туралы жарнамалар жариялаған.

"Тауарларды жарнамалау үшін 360 мыңнан астам оқырманы бар танымал аккаунт иесі тартылған. Тергеу нұсқасы бойынша жарияланымдар арқылы әлеуетті сатып алушыларға тауарлардың бар екені, сапасы және Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі туралы ақпарат берілген", – деп хабарлады полиция. 

Жарнамаларды көрген азаматтар көрсетілген байланыс нөмірлері арқылы хабарласып, тауар ақысын жеке кәсіпкердің шотына аударған. Алайда тауарларды жеткізу бойынша міндеттемелер орындалмаған. 

Тергеу деректеріне сәйкес, алынған қаражат жеке мақсаттарға жұмсалған. Тергеу барысында ыдыс-аяқ пен тұрмыстық техникаға ақша аударған жәбірленушілер анықталды.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.