Аягөз ауданының Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында ерекше күтімді қажет ететін балаларды ұрып соғу фактілері анықталды, деп хабарлайды paryz.kz.
Облыстық прокуратура таратқан ақпаратқа сәйкес, санитарлар балалардың дәрменсіз күйін пайдаланып, оларға жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсеткен.
Қазіргі кезде 100-ден астам факті анықталып отыр. Ал мекеменің кейбір қызметкерлері бәрін көрсе де, ешқандай шара қолданбаған.
"Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қатысы бар кінәлі тұлғалар қызметтік міндеттерін атқарудан шеттетіліп, балалармен қарым-қатынас жасауы шектелді", - дейді прокурорлар.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодексінің 140-бабының 3-бөлігі (кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау, екі және одан көп адамға қатысты жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Балалардың құқықтарын қорғау мақсатында Абай облысының прокуратурасы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тексерулер бастады.
Айта кетері, осы әрекет үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыруы да мүмкін.