Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде бейтаныс ер адам бөтен пәтерге заңсыз кіріп кеткен. Ол балалар жатқан бөлмеге келіп шешініп, ұйықтап қалған, деп хабарлайды paryz.kz nur.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл оқиға туралы Threads желісінің қолданушысы madina_n__s жазба жариялады.
"12 қыркүйекте отбасымызда әлі күнге дейін сену қиын жағдай болды. Әпкем Астанада үш кішкентай баласымен – 6, 4 және 2 жастағы сәбилерімен тұрады. Сағат 10:35-те әпкем жұмысқа кеткен. Бұл уақытта балалар үйде ұйықтап жатқан. Күйеуі жұмыстан шыққанын және жақын арада үйге жететінін айтқандықтан, ол алаңсыз кеткен. Шамамен сағат 11:00-де әпкемнің күйеуі үйге келіп, есік алдында бөтен аяқ киімді көрген. Ал кіреберіс есіктің тұтқасы сынып қалған екен. Алдымен ол пәтерді немесе қабатты шатастырып алдым ба деп ойлаған. Бірақ сыртқа шығып, өз пәтерінің алдында тұрғанына көз жеткізген. Есікті ашқанда, іште үш кішкентай баланың қасында жалаңаш күйде ұйықтап жатқан мүлдем бейтаныс ер адамды көрген. Жездем алдымен ер адамды сабырмен оятып, балалар қорықпасын деп пәтерден шығарып жібермек болған. Алайда ол көзін аша сала, бірден оған жұдырық ала жүгірген. Әпкемнің күйеуі өзін қорғауға мәжбүр болды", - делінген жазбада.
Желі қолданушысының сөзінше, үш баланың әкесі дене жарақатын алған.
"Мұның бәрі балалардың көз алдында болды. Олар қатты қорқып, жылап, көмек сұрап айқайлаған. Айқайды естіп көршілер жүгіріп келген. Олар балаларды өздерімен ертіп алып кетіп, полиция шақырды. Осыдан кейін әпкеме хабарласып, тез арада үйге келуін сұрады", - делінген жазбада.
NUR.KZ тілшісіне Астана қалалық полиция департаментінен хабарлағандай, полицияға пәтерде бейтаныс ер адамның жүргені туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барды.
"Тексеру барысында оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, мас күйдегі ер адам көрші пәтерге кіріп кеткен. Балалар арасында зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда", - делінген хабарламада.