Желіде Семейде түзеу мекемелерінің бірінде төтенше жағдай болғандығы туралы ақпарат тарады. Пайдаланушылардың жазуынша, бір сотталған қаза тауып, бірнеше адам ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды paryz.kz.
Бұл ақпаратқа қатысты Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) ресми түсініктеме берді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған жазбаларда Семейдегі колониялардың бірінде оқиға орын алғаны, бір сотталғанның қаза тапқаны, тоғыз адамның жарақат алып, ауруханаға түскені және тағы екі адамның байланысқа шықпай жатқаны айтылған.
Кейбір тұтқындардың туыстары ресми мәліметтің берілмей отырғанына наразылық білдірген. Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталғандарды жаппай ауруханаға жеткізді деген ақпаратты жоққа шығарды.
Зорлау ісі бойынша жазасын өтеп жатқан азамат денсаулығы нашарлаған соң мекеменің медициналық бөліміне жүгінген. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, дереу жедел жәрдем шақырған. Бірақ көрсетілген шараларға қарамастан, ол ауруханада қайтыс болды, – делінген ҚАЖК хабарламасында.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, сотталған адамның өлімінің алдын ала себебі – инсульт. ҚАЖК азаматтарға жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.