Алматыда адам сенгісіз жағдай болды. Патрульдік полицияның «Боран-205» экипажы жедел әрекет етіп, босануға үлгермеген әйелге қызметтік көліктің ішінде босануға көмектесті, деп хабарлайды Paryz.kz. Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.
Оқиға патрульдік кезекшілік кезінде болған. Полицейлерге көмек сұраған әйелдер жүгінген: олардың көршісі жүкті болып, жағдайы күрт нашарлаған.
Жедел жәрдемді күтпей, полицейлер әйелді дереу қызметтік көлікке отырғызып, жақын маңдағы перзентханаға бет алады. Алайда жолда толғақ басталып, дәрігерлерге жетіп үлгермейді.
Жағдайды шұғыл бағалаған полицейлер дербес әрекет ету туралы шешім қабылдап, көлік ішінде босандырып алды.
Нәтижесінде ұл бала аман-есен өмірге келді. Көп ұзамай келген дәрігерлер ананы да, нәрестені де қабылдап алып, қажетті көмек көрсетті. Қазіргі уақытта екеуінің де жағдайы жақсы.
Полиция аға лейтенанты Данияр Сағынбаев:
«Жақын маңдағы ауруханаға жетеміз деп ойладық. Бірақ бір сәтте босану басталып кетті. Әрине, уайымдадық, бірақ дүрбелеңге уақыт болмады. Сабыр сақтауға тырыстық. Бұл сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деді ол.
Ал оның әріптесі, аға лейтенант Бекжан Әлкен: «Біз дәрігер емеспіз, бірақ көмек керек екенін түсіндік. Әйел нағыз батылдық көрсетті. Мұндай сәттерде полиция – жай ғана тәртіп сақшысы емес, күтпеген жағдайда қол ұшын беретін жан екенін ұғасың», – деп бөлісті.