Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жұмысшы ауылында 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла сабақ уақытында тұншығып, қайтыс болған, деп хабарлады Paryz.kz сайты otyrar.kz басылымына сілтеме жасап.
Анасы Гүлмира Көшееваның сөзінше, баласы сыныптасының телефонын тартып алып, қашқанда артынан келіп буындырған. Ұлағат оқиға орнында тіл тартпай қайтыс болған.
Оқиғаға қатысты мектептің екі қызметкері өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал төрт мұғалім жұмыстан шығарылған.
«Қапыда баламнан айырылып қалдым. Ал жаза ретінде жұмыстан шығарылғандар ай өтпей мектепке қайта келейін деп жатыр» дейді ашынған ана. 6-сынып оқушысы Ұлағат Сейдулла 7 ақпан күні әдеттегідей сабағына кетіп, үйіне табытпен оралды.
Алғашында оқушының неден, қалай қайтыс болғанын жалғызбасты анасына да айтылмаған. Мұғалімдер «қоңырау уақытында құлап қалды» дегеннен арыға бармаған. «Сап-сау балам мектепке кетеді, арқасына қарап-қарап қойып. Сосын үш сабақтан кейін маған звандайды.
«Балаңыздың мазасы болмай жатыр, жүгіріп келіп көріп кетесіз бе» деп. Барсам балам партаның үстінде, үстінің бәрі малмандай су. Аяқ киімін шешіп тастаған. Бала деген былқ-сылқ жатыр. Қоңырау кезінде құлап қалыпты, кірсек өстіп жатыр дейді. Бұған біреу тиіспесе, сап-сау бала қалай бұлай жатып қалады деп түсінбестен дәрігерге шауып кеттік. Доқтырға барсақ кетіп қалды дейді. Қалай кетіп қалады аман алып қалыңдар деп ойбайлап жатырмын ғой», - деді анасы.
Гүлмира Көшеева жалғызбасты ана. 9 жыл бұрын күйеуі кенеттен қайтыс болып, бес баламен жалғыз қалған. Ұлағат оның кенжесі еді. Үй тірлігіне көмектесіп, анасының жанынан қалмай, көңіліне қарайтын. Оқу үздігі еді. 12 жасына дейін бір рет болса да ауырып дәрігердің көмегіне жүгінбеген едік дейді анасы. Өзі абайсызда құлап, қайтыс болды дегенімен кейіннен ауыл ішінде сыныптасы буындырған деген сөз тараған. Мына партаны алға жылжытып қойған, осы жерде тұр. Менің баламды сорайтып жатқызып қойған. Үсті деген малмандай су».
«Мұғалімдер мені басынып, айтпаған сөзі қалмады. Баланың жүрегі ауру, анау-мынау, айтпаған сөзі қалмады. Эпилепсия деп те айтты. Өзі бұрыннан құлап қалатыны бар екен, талып қалатыны бар екен деп те айтты. Е, ондай жағдай өмірде болған емес деп ешкімнің алдында ақтала алмай қалдық қой. Кейін медэкспертиза… бір айдан асып шықты ғой. Шықты баланың дені сау, тап-таза еш жерінде ешқандай ауруы жоқ деді. Тек өлімнің себебі буындырған. Қатты ұстап тұрғанда тілін жұтып қойған. Менің талабым баланың өліміне себепші болғандар жазасын алсын», - деді анасы.
Қара жамылған ана әлі күнге мектеп мұғалімдері кінәсін мойындап, кешірім сұрамағанына қынжылады. Оқиғаға байланысты тергеу жүріп, жаза ретінде 4 мұғалім жұмыстан шығарылған. Мектеп директоры мен бір мұғалім өз еркімен жұмыстан кеткен.
Десе де шығарылғанына бір ай толмай 2 мұғалім, атап айтқанда сынып жетекшісі мен директордың орынбасары кәсіподаққа заңсыз жұмыстан қуылғаны жөнінде арызданып, жұмысқа қайта орналасуға келген. Мұны мектеп әкімшілігі жоққа шығармады. Ал марқұмның анасы бұған түбегейлі қарсы.
«Тергеудің қорытындысы бойынша біраз мұғалімдер жұмыстан шеттетілді. Еңбек инспекциясының кешегі келген тексеруі бойынша жаңағы бұрынғы директор бұйрықты дұрыс шығармағанынан қайта қабылдауға нұсқама беріп кеткен. Оны білім бөліміне алып барып тастадық. Заңдылығын анықтап білуге», - деді А.Оразбаева атындағы мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Өмірсерік Кенжеев.
Ұлағатты буындырып өлтірді деген сыныптасының ата-анасына айыппұл салынған. Ал бала 12 жасқа толмауына байланысты қылмыстық жауаптан босатылып, іс қысқарған. Тергеу орындары қозғалып, кейіннен жабылған іс құжаттарын таратуға не жариялауға тыйым салып, оған бағынбаған жаңдайда қылмыстық жауапқа тартылатынын ескерткен. Гүлмира Көшеева бар талабы баласының өліміне кінәлілер жазасыз қалмаса дейді.