Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

Ақмола облысында мас адам әкесін балағаттап, соққыға жыққан

Ақмола облысы Бурабай ауданында тұрмыстық жанжал кезінде мас күйінде құқық бұзған 32 жастағы ер адам әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Paryz.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Ақмола облысында мас адам әкесін балағаттап, соққыға жыққан
Фото: Halyq Uni

Полицияның мәліметінше, бұған дейін бұрынғы жұбайын балағаттағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған азамат осы жылдың 17 қарашасында өз әкесін қорлап, ұрып-соққан. Қарт адам оқиға кезінде учаскелік инспектордың көмегіне жүгініп, жағдайды хабарлаған.

Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері жанжалды тоқтатып, құқық бұзушыға медициналық тексеруден өтуді ұсынды. Алайда ер адам заңды талаптарға бағынудан бас тартып, қарсылық көрсеткен.

«Күдіктіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы (Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер) және 667-бабы (Полиция қызметкерлеріне бағынбау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ұрып-соғу фактісі бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, елімізде Қылмыстық кодексіне денсаулыққа зиян келтіру және ұрып-соғу бойынша жауапкершілікті күшейтуге бағытталған өзгерістер енгізілген.

Қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылса, ұрып-соғу немесе денсаулыққа жеңіл зиян келтірмеген зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы белгіленген.