Прямая трансляция

Астана

Астана

18°C

«Ер адамның күші жұдырығында емес»: Бас мүфти отбасындағы зорлыққа тоқталды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отбасындағы әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікір білдірді.

«Ер адамның күші жұдырығында емес»: Бас мүфти отбасындағы зорлыққа тоқталды
Фото: ҚМДБ

Ол әлеуметтік желідегі жазбасында отбасы ішінде әйелдің жәбір көруі қоғамды алаңдататын мәселе екенін атап өтті.

«Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау», – деп жазды Бас мүфти. 

Наурызбай қажы ер азаматтың шынайы күші ашуға берілмей, сабыр сақтай білуінде екенін айтты. Оның сөзінше, жанжал кезінде айтылған ауыр сөздер мен жасалған әрекеттер адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. 

«Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді», – деді ол. Бас мүфти отбасы әр адам өзін қауіпсіз сезінетін орын болуы керектігін атап өтті. «Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс», – деп жазды Наурызбай қажы Тағанұлы. 

Сондай-ақ ол қызын аялап өсіріп, ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған ата-ананың ең басты тілегі – баласының барған жерінде бақытты болуы екенін айтты. «Сол аманатқа қиянат жасамайық. Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті», – деді Бас мүфти.