Прямая трансляция

Астана

Астана

21°C

«Өліп жатқан әйелдердің бәріне сендер кінәлісіңдер!»: Айгүл Орынбек діни радикалды көзқарастардың қоғамға әсері туралы айтты

Заңгер Айгүл Орынбек қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен діни радикалды көзқарастардың таралуына алаңдаушылық білдірді. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды paryz.kz.

«Өліп жатқан әйелдердің бәріне сендер кінәлісіңдер!»:  Айгүл Орынбек діни радикалды көзқарастардың қоғамға әсері туралы айтты
Фото: әлеуметтік желіден

Заңгердің сөзінше, ол соңғы 15 жыл бойы өзі «теріс ағымдар» деп атаған құбылыстармен күресіп келеді. Айгүл Орынбек қазіргі қоғамда әйелдерге қатысты қалыптасқан кейбір көзқарастардың салдары ауыр болып отырғанын атап өтті.

«Көздерің жетті ме?! Қайдасыңдар, тек қыздардың шүберегімен, тек қатындармен алысып жүрген қағаздар?» – деп жазды ол. 

Айгүл Орынбек кейбір азаматтардың әйелдерді ғана кінәлауы қоғамдағы күрделі мәселелерді шешпейтінін айтты. Оның пікірінше, әйелдерге қысым көрсету, оларды кемсіту және адам ретінде емес, зат ретінде қабылдау отбасы институтына кері әсер етеді.

«Өліп жатқан әйелдердің бәріне сендер кінәлісіңдер! Қыз кезінде жайнап жүрген гүлдерді біртіндеп өлтіріп жатыр», – деді заңгер.

Ол сондай-ақ әйелдің қауіпсіздігі мен отбасы мәселесі ұлттық деңгейде қаралуы керек екенін атап өтті.

«Мен әйел адам өмірі қорғалатын қауіпсіз елде өмір сүргім келеді!» – деп жазды Айгүл Орынбек.

Заңгер қоғамда әйелдерге қатысты көзқарастың өзгеруіне шақырып, бұл мәселені тек әйелдердің проблемасы ретінде қарастыруға болмайтынын жеткізді.

«Бұлар әйелді ғана жоймайды. Бұлар отбасын жояды. Отбасымен бірге ұлтты жояды. Өйткені ұрпақ көбейтетін, бала тәрбиелейтін әйел жойылса – ұлттың өзі жойылады. Сондықтан бұл жай ғана әйел мәселесі емес. Бұл – ұлттың мәселесі!» – деп қорытындылады ол.